Ауыл әкімдерінің сайлауы

47c42edd03d369627a982fb166287c45 original.56622 Қоғам

Тәуелсіздік жылдарында азаматтардың саяси мәдениеті жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осы тұрғыда елімізде жергілікті әкімдерді тікелей сайлау формасының енгізілуі мемлекеттің саяси жүйесін нығайта түсуге кепілдік берері сөзсіз. Жергілікті әкімдердің сайланып қойылуы бұған дейін де болған, бірақ ол тікелей емес-ті. Ал бұдан былай, «Сайлау туралы» конституциялық заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, азаматтар, аудандық маңыздағы қала, село, поселке және ауылдық округ әкімдерін өздері дауыс беру арқылы сайлайды. Бүгін біз жаңа форматтағы әкімдер сайлауының маңызды тұстарына тоқталып, шолу жасағанды жөн көрдік.

Үміткерлерді кімдер, қалай ұсынады?

Бұл мәселе алдымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында қозғалды. Президент онда әкімдердің сайланбалылығы туралы ұсыныстың ең әуелі қоғамның өз ішінен туындағанын атап өткен болатын. Әкім лауазымына үміткерлерді тіркеуден өткен саяси партиялар ұсына алады. Мұндай құқық аудан әкіміне беріліп отыр. Алайда ол бұл мүмкіндікті үміткерлерді ұсыну мерзімі аяқталған күнге дейін екіден кем кандидат ұсынылған жағдайда ғана пайдалана алады. Тағы бір маңызды жайт, азаматтардың өздері де әкім лауазымына өз кандидатурасын ұсынуға құқылы. Ол үшін сайлау округіндегі сайлаушылардың 1 пайызы көлемінде өзіне қолдау білдірушілердің қолын жинақтауы қажет. Сайлауды өткізу процесі Қазақстан Р е с п у бл и к а с ы н д а ғ ы ауд а н д ы қ маңыздағы, сайлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес өтеді. Сайлаудың өтетіндігі туралы 40 күн бұрын хабарланады. Ал сайлаудың өзі қызметтегі әкімнің өкілеттік мерзімінің аяқталуынан 10 күн бұрын өткізіледі. Сайлау өткесін 3 күннен кейін қорытындылары шығарылады. Ал сайлау өткізілген соң 7 күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркейді, содан кейін ғана өз өкілеттігіне кіріседі. Бұл жерде ескерер жайт, бір адам бір мезгілде ауылдық округтің де, аудандық маңыздағы қаланың, селоның, поселкенің әкімі болып сайлана алмайды. Немесе бір адам екі реттен артық әкімдікке сайланбайды.

Жаңа жүйенің тиімділігі неде?

Бүгінде ел халқының 40 пайыздан астамы ауылдық елді мекендерде тұрады. Қалалықтарға қарағанда, ауылдықтардың өз ерекшеліктері, өздеріне тән өтінімдері мен тұтынымдары бар. Әкім лауазымына үміткерлер бірінші кезекте мәселенің осы жағына назар аударуы керек. Керісінше жағдайда сайлаушылардың кандидатқа өз дауыстарын бермей қалуы да әбден ықтимал. Сайлауға үміткер ретінде қатысушы әрбір тұлғаның нақты бір селоның, поселкенің немесе ауылдық округтің проблемаларын шешуге бағытталған іс-қимыл бағдарламасы болуы тиіс. Сөйтіп, жергілікті тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы өз ауылдарына әкім болуға лайықты кандидатқа сенімін білдіре алады. Мұның өзі сайып келгенде, жергілікті жердегі басқару тиімділігін арттырады. Жасыратыны жоқ, бүгінде жергілікті жердегі басқару жүйесі өз бетінше сипат алып келеді. Қазірдің өзінде жергілікті қоғамдастық өкілдері төртінші деңгейлі бюджетті басқару ісіне қатысып, белсене араласып отыр. Жергілікті бюджет қаражатының қайда, қандай мақсатқа жұмсалатынын біледі. Ал «Сайлау туралы» заңға енгізілген толықтырулар өз кезегінде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының өкілеттігін арттыра түсуге септеседі. Өйткені, жергілікті жердегі адамдар қандай мәселенің мейлінше өзекті екенін, шұғыл шешуді талап ететінін жақсы біледі. Соған сай, сайланған әкімнің де сайлаушылар мен жергілікті қоғамдастық алдындағы жауапкершілігі көтеріледі. Сайып келгенде, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары бірлесе отырып, қоғамның сұраныстары мен талаптарына тиімді және жедел түрде жауап беретін болады.

Бұл сайлау бізге не береді?

Дәл осы мезгілде бұған дейін мәслихат депутаттарының дауыс беруімен сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі тәмамдалады. Одан бөлек, бүгінде жаңа форматтағы әкімдер сайлауын өткізудің ұйымдастыру және нормативтікқұқықтық негіздемелері толықтай әзір. Осының өзі сайлауды кейінге қалдырмай, белгіленген уақытында өткізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде үміткерлерді ұсыну жұмыстары басталып кетті. Айтылғанындай, дауыс беру осы шілде айының 25-нде, жексенбі күні өтеді. Бұл күні еліміз бойынша барлығы 730 ауыл әкімі сайланады. Басқа ауылдық округ әкімдерінің сайлауы қазіргі әкімдердің өкілеттік мерзімі біткен соң өткізіледі. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, бұл жолғы сайлау тәуелсіз Қазақ елінің тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып қалады. Жаңа форматтағы әкімдер сайлауы Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың нақты көрінісі, айқын үлгісі болып саналады. Қорыта келе айтарымыз, ауыл әкімдерін тікелей, яғни жергілікті тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы сайлау азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асыруына кепілдік береді. Ең маңыздысы, халықтың билікке деген сенімін нығайтып, ауыл әкімінің сайлаушылар алдында есеп беруін қамтамасыз етуге, талап-тілектеріне шұғыл құлақ асып, жұмыстың жеделділігін арттыруына жол ашады. Бір сөзбен түйіндегенде, жаңа форматтағы әкімдер сайлауы – Президенттің өзі бастамашысы болған «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы қағидаттарын толық деңгейінде, ашық түрде іске асырудың тың мүмкіндігі болмақ.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз