Атырауда еңбек ардагері сайлауға тұтас отбасы мүшелерімен келіп дауыс берді
Сайлау учаскесінің алдында жолыққан тамақтану саласының ардагері, 73 жастағы Баян апай қалыптасқан, отбасылық дәстүрге сай бүгін де сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасағанын айтты деп хабарлайды Atr. kz
Өзі ғана келмей, баласы мен келінін де ала келген ол «ұрпағымның жарқын болашағы үшін дауыс бердім» дейді ол.
Бүгінгі сайлау науқанына қатысушылар белсенділігі түстен кейін де саябырсыған жоқ. Apec Petrotechnic жоғары колледжінде орналасқан №90 сайлау учаскесінің төрағасы Гүлмаржан Бисембаевадан білгеніміздей, аталған учаске бойынша 1595 сайлаушы тіркелген.
–Сайлаушылардың жас ерекшеліктері бойынша айрықша атап айтарлық айырмашылықтар болмады. Яғни, аға буын да, орта жастағылар да, жастар да қатысуда. №90 сайлау учаскесі бойынша дауыс берушілердің ең үлкені – 85 жастағы білім саласының ардагері, «ҚР білім беру ісінің үздігі» Қадим Оңғарсынов. 82 жастағы Медеуғалиева Жанат апай да сайлау науқанына белсенді қатысып, өз таңдауын жасады, — деді Гүлмаржан Есенқызы.
Жалпы, дауыс берушілердің жартысына жуығын 35 жасқа дейінгілер құраса, бір адам кәмелеттік жасқа толып, сайлау құқығына алғаш рет ие болып отыр. Аталған учаске бойынша үйден дауыс берушілер саны –8. Олардың қатарында 90 жастағы тұрғын да бар.
Осы аумақ бойынша 10 мүгедек тіркеліп, соның тең жартысы үйден дауыс беруге өтініш жолдапты. Қазір бұл мәселе толықтай шешіліп, сайлаушылар дауысы қабылданған.
Айта кетейік, дауыс беру науқаны басталған таңертеңгі сағат 7-де алғашқы болып Зылиха Марабаева есімді тұрғын учаскеге келген. Тіпті, уақытынан бұрын келіп, ашылуына арнайы қатысқан ол саяси белсенді болудың маңызы жоғары, әрі әр дауыстың өз үлесі бар екенін атап өткен еді.
Гүлжан ӘМІРОВА