Атырауда дене қызуын түсіретін дәрі тапшы
Atr.kz/24 маусым, 2020 жыл. Тұрғындардың дәрі-дәрмектерді аса қажет болмаса да сатып алып жатқандығы қалада дүрбелең туғызуда, деп хабарлайды Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.
«Семейное» дәріханалар желісінің директоры Руслан Сәрсеновтың айтуынша, тұрғындар белгілі бір дәрілерді қабылдау инфекция жұқтырудың алдын алады немесе ауру салдарын азайтады деген жалған ақпараттарға сеніп жүр.
— Мұндай дүрбелең шамамен бір апта бұрын басталды. Бұрын күніне 50 дана парацетамол сатылса, қазір саны 1000 данаға дейін жетеді. Көп адамдар туыстары мен достарының немесе WhatsApp желісіндегі жалған хабарламалардың әсерінен дәрі-дәрмектерді ауырғанда емес, алдын-ала сатып алады. Бүгінде «қауіпті дерттің бетін қайтару үшін парацетамол көмектеседі» деген жалған ақпарат таралып кетті. Карантин кезінде зімбірді көптеп сатып алғандай, оны да сатып ала бастады. Ал адамда диарея немесе ангина болуы мүмкін. Біз дәрі-дәрмек сатып алуға тыйым сала алмаймыз, өйткені біраз адам ауылды жерлерден келіп, сатып алып жатады. Қазіргі уақытта дене қызуын түсіретін дәрілерге бұрынғыдан да көп мөлшерде тапсырыс беруге тырысып жатырмыз. Бір аптадан кейін дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешіледі деп ойлаймын, — деді «Семейное» дәріханалар желісінің директоры Руслан Сәрсенов.
Айта кетейік, облыстағы ауруханалар мен емханалар қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы емдік шараларға дәрігер нұсқау бермеген жағдайда, ол дәрілердің пайдасыз немесе денсаулыққа қауіпті екендігін ескертеді.