Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты ашылды

Атырау облысында ашылған алғашқы мектеп-интернатта білім алудан дәмелі 199 шәкірттен 150-і қабылданады. Олар алдымен дене шынықтыру пәнінен, кейін өздері таңдаған спорт түрінен яғни, еркін күрес, бокс, дзюдо, таеквондодан және пән бойынша емтихан тапсырды. Қорытынды 25 тамызда белгілі болады.

Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына тапсырушылардың арасында Махамбет ауданынан келген Бекзат Мұстағалиев бар. Алты жылдан бері дзюдомен айналысатын он алты жасар жасөспірім — қоңыр белбеу иегері. Ол бұл мектеп-интернат ашылғанын естіген бойда дереу ата-анаммен өтінім бердім, дейді.

— Осындай білім алумен қатар спортты игеруге мүмкіндік беретін мектеп-интернатының ашылғанына қуаныштымын. Мұнда тәрбиеленіп, жақсы нәтиже көрсетіп, бұйырса Олимпиада чемпионы боламын. Өйткені, мұнда біліктілігіңді арттыру үшін қарсылас өте көп. Бұл бізге берілген — мүмкіндік ,- деді Б.Мұстағалиев.

Атырауда спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты ашылғанына ата-аналар да қуанышты. Махамбет ауданы Сарайшық ауылының Қадырбек Шаймарданов мектепке немерісін жетектеп әкеліпті. Ата-ана енді балалары қалаға қатынап жаттықпайтынына қуанышты.

— Ауылдық жерде спорт секциясына қатысу қиындық туғызады. Балаларымыз қаладағы дзюдо клубына келіп қатысып жүрді. Ал ол өз кезегінде уақыт пен жолға үлкен шығын болды. Қазір осы мектеп ашылған соң, қуана-қуана немеремді әкелдім. Қазір оларды олимпиада ойындарына дайындауға үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Емтихан тапсыруға келген әр қатысушы өте жақсы нәтиже көрсетіп, Атырау спортының дамуына үлесін қосады деген сенімдеміз, — деді Қ.Шаймарданов.

Спорт мектебіне қабылдау емтиханы әділ өтуі үшін тренерлер мен әр спорт түрі бойынша чемпиондар шақырылған. Олардың арасында еркін күрестен Әлем чемпионы Талғат Сырбаз бар. Ол алдымен бала әр жағдайға да шыдамды болу керек деген пікірде.

— Олипиадалық спорт түрлеріне дайындайтын мектеп-интернатына қабылдау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазір мұнда жеті ауданнан 1-11 сынып оқушылары іріктелуде. Расында чемпиондар ауылдан шығады. Мен де ауылда өсіп, сол жерден чемпион атандым. Бұл жасөспірімдерге берілген үлкен мүмкіндік. Жаттығуын одан әрі шыңдап, діттеген мақсатына жетеді деген сенімдемін. Бұл спорт түрінен қатысушылардың алдыңғы кезекте шыдамдылығы мен еңбекқорлығы бағаланады, — деді Талғат Сырбаз.

Аталған білім ордасы 1 қыркүйекте өз жұмысын бастайды. Оқу — тегін. Мектептегі пәндер бойынша және екі мезгіл жаттығу сабағы өтеді. Сондай-ақ, бес мезгіл ыстық тамақпен қамтылады.

Айта кетейік, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мақсаты — олимпиадалық спорт түрлерінен атыраулық чемпиондарды шығару.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button