Атырауда бокстан V жастар ойындары басталды
Бүгін «Атырау» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының V Жастар спорттық ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Былғары қолғап шеберлері 17-23 мамыр аралығында өзара мықтыларды анықтайтын болады. Сайыс 2003-2004 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында 11 салмақ дәрежесі бойынша өтеді.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан Жастар ойындарында 370 спортшы бақ сынайды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Тәуелсіздік жылдарында ел спортшылары әртүрлі сайыстарда байрағымызды биіктен көрсетіп келеді. Келешекте дені сау ұрпақ тәрбиелеуде осындай айтулы додалардың алар орны ерекше. Бүгін – спортшылардың ғана емес жаттықтырушылардың да еңбектері айшықталатын кез. Еліміздің 3 қаласы мен 14 облысынан қатыстып жатқан жас спортшыларға облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлының атынан сәттілік тілеймін, -деді облыс әкімінің орынбасары Б.Хаменова.
Салтанатты шарада дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов, Атырау облысы бокс федерациясының Президенті Шухрат Данбай, Бокстан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, 1983 жылғы Еуропа чемпионы Серік Нұрқазовтар да сөз алып, боксшыларға жеңіс тіледі.
Жарыстың алғашқы күні 49 келі салмақ дәрежесіндегі бәсекеден басталды.
Алмас БАУЫРЖАНТЕГІ