
Атырауда батыстан соққан желдің екпіні күшеюде
«Қазгидромет» РМК АОФ мәліметіне сәйкес, Пешной метеостанциясында бүгін, 18 маусым сағат 08:00 –де батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 6 метр болған. Ал 19:00-де жел оңтүстік, оңтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 30 м/с-қа жеткен. Жел екпінінің күшеюі «Ақжайық» резерватындағы өрт аумағының ұлғаюына және оны сөндіруге кедергі келтіруде. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір өртеніп жатқан аумақта екпіні күшті желмен бірге шаңды дауыл соғып жатыр. Қою түтіннен қызыл жалынды көру мүмкін емес.
Сағат 18:00-дегі ақпарат бойынша қамыс өртенген аумақ — 1510 гектар. 1460 гектардағы қызыл жалын өшірілді. Қазір жалғыз ошақ – шамамен 50 гектар жердегі өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Бүгін «Қазавиаспас» мекемесінің МИ-8 тікұшағы арқылы 12 тонна су төгілді.
Өртті сөндіруге 150-ге жуық адам мен 50-ге тарта техника жұмылдырылған.