Атырауда аурудың алдын алу бағытында мұқтаждарға тегін қызмет пен азық-түлік берілуде
Atr.kz/20 наурыз, 2020 жыл. Бұл туралы Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте Жастар ресурстық орталығының басшысы Серік Қадыров пен облыстық ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталығының» директоры Әйгерім Досқалиева хабарлады.
– Жастар ресурстық оратлығында «Біз біргеміз!» штабы құрылды, — дейді С.Қадыров. – Мақсаты – елдегі жағдайға байланысты көмекке мұқтаж жандарға қызмет көрсету. Онда 120-дан астам волонтер тіркелген. Ал, аймақта жалпы есеппен 50-ден аса ұйым бар.
Екінші мақсат – осындай жұмыстарға шағын және орта бизнес өкілдерін тарту. Оларға арнайы ескертпелер таратып, ақпараттандыру. Егер көмекке зәру немесе өзі қол ұшын бергісі келетін жандар болса, аталған штабтың 50-84-30 немесе 8778-512-35-53 телефондары арқылы тіркелуге шақырамыз. Волонтерлар жалғызбасты қарттарға қажетті затын тегін жеткізіп беруге әзір.
Былтыр бастау алған «Жас прожект» жобасы бойынша 257 жоба қаржылай қолдауға ие болған еді. Соның нәтижесінде, жұмысын жалғастырып жатқан 16 жас кәсіпкер (екеуі облыс орталығында, қалғаны аудандарда) медициналық маска тігіп, еріктілердің көмегімен халыққа тегін таратуда. Дезинфекциялау жұмыстарына жәрдемдесіп жатқан ірі кәсіп иелері де баршылық. Сондай-ақ, бүгіннен бастап «нұротандықтардың» бастамасымен мұқтаж жандарға тегін азық-түлік таратылуда.
Жалпы, облыс бойынша 1800-ден астам волонтер бар екен. Солардың бәрі де жергілікті басқармалармен және азаматтық орталықтармен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр.
– Атырауда «Іскер ана» жобасы аясында 900-ден астам ана тегін білім алды, — дейді Ә.Досқалиева. – Ұлттық оюмен өрнектеп маска тіккен атыраулық дизайнер Асыл Дүзбаеваның бастамасын қазір сол іскер аналарымыз жалғап жатыр. Қазір осы бағытта 14 ателье жұмыстануда. Ендігі меже – күніне 1000 маска тігу. Бұл – үйде отырған жандарға қосымша жұмыс.
Тігілген маскалардың 10 пайызы әлеуметтік осал топтарға таратылуда. Олар мақтадан және бірнеше қабаттан жасалған және арнайы тазарту үрдісінен өтіп үтіктелген. Маскалар күндізгі сағат 14.00-15.00-де «Байзар» сауда орталығында сатылады. Алдағы уақытта онлайн-дүкен де ашылуы мүмкін, оны уақыт көрсетеді.
Ал, Исатай ауданында «Мейірім» еріктілер тобы сол масканы өздері жасап, тұрғындарға тегін таратып жатыр. Сонымен бірге, Жанар Нұрлыбек секілді еріктілер жалғызбасты қарияларға тегін тамақ таратуда.
Өзге өңірлерге көз жүгіртсек, Ақтөбеде физика-химия пәндерінің мұғалімдері «ютуб» желісінен қазақша канал ашып, тегін сабақ беріп жатыр. Сөйтіп, үйде отырған оқушыларды біліммен қамтуда. Атырауда неге осылай жасамасқа? Иә, бәріміз біріксек, бұл сынақтан да сүрінбей өтеріміз анық.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ