АТЫРАУДА АТЫ-ЖӨНІН ӨЗГЕРТІП ТЫҒЫЛЫП ЖҮРГЕНДЕР ҰСТАЛДЫ

img 20220310 wa0036 Жаңалықтар

Атыраулық полицейлер Қазақстаннан кіруге шеттетілсе де аты-жөнін өзгертіп кері келген екі шетел азаматын анықтады.

Атырау облысы полиция департаменті  «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы мен «Іздестіру» акциясын өткізуде. Аталған іс-шаралар барысында Атырау қалалық полиция басқармасының Кримминалдық полиция бөлімі мен Көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері ел аумағынан қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін 5 жылға шеттетілген азаматты анықтады. Өзбекстан Республикасының  33 жастағы азаматының өз еліне барып жеке басын растайтын құжаттарындағы ақпараттарды өзгертіп Қазақстанға кері келгендігі белгілі болды. 

Ал, дәл осылай өз еліне барып аты-жөнін өзгертіп Қазақстан аумағына кері келген Әзірбайжан Республикасының 1969 жылы туған азаматы анықталды. Ол 2018 жылы сот шешімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан шығарылған. Төлқұжатын өзгерткен ол ақпан айында Атырауға келген.

–  Аталған шетел азаматтары өз кінәсін толықтай мойындады. Қазіргі таңда ел шекарасына заңсыз кірген шетел азаматтары сот шешімімен әкімшілік қамаққа алынды. Іс-құжаттар жинақталып, заңды шешімін шығару үшін, яғни ел аумағынан шығару үшін сотқа жолданатын болады, – деді Атырау қалалық полиция басқармасы Көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Қадырбек Әбішов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз