Жолың болсын, жас түлек!

whatsapp image 2021 05 25 at 17.45.13 Жаңалықтар

Тәуелсіздіктің төл құрдасы – Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясы жыл сайын талғамы биік дарынды шәкірттерді баптап, республикаға танылған талай таланттың бағын жақты. Бүгін соңғы қоңыраудың күміс үні мектептің отызыншы түлектеріне арналып сыңғырлады.

Биылғы рәсім өзгеше форматта өтсе де соңғы қоңыраудың сәні мен сипаты сақталды. Әуезді ән мен күй, жұлдызды шеру, құттықтаулар, марапаттаулар, күмбірлеген қоңырау үні – барлығы да қамтылды. 30 жыл бой түзеген білім ордасындағы шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтаған Бақытгүл Қайыржанқызы білім ордасының республикаға танымал 100 мектептің қатарында екенін атап өтті. Биылғы оқу жылы қорытындысында гимназия ұстаздары мен оқушылары жеткен табыстар көп. Қанатын қомдаған 58 түлектің 8-і «Алтын белгіге» үміткер болса, тағы 8-і «Үздік аттестат» иегері. Ал, Ботагөз Исатай Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің грант иегері атанса, Мөлдір Айдынғалиева Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің грантына ие болды. Мектептің басқа да дарынды оқушылары талай бәйгелерде жоғары мінбелерден көрініп жүр.
-Түлектерге облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы Досмұхамбетовтің атынан ақ жол тілеймін! Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен өмірге қадам басып, жолдама алған жастарға артылар жауапкершілік жылдағыдан ауырлай түспек. Келер күннен мол үміт күткен қоғам сіздерді егеменді елдің жаңа буыны, білімге құштар жаңа толқыны ретінде таниды. Сондықтан асқақ арман жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тұтқасына айналыңыздар! – деген Бақытгүл Қайыржанқызы мектептің мерейін асырған түлектерді марапаттады.
Өз кезегінде облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия директоры Нұрлыбек Даумов жиналғандарды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Оқу орнының басшысы ата-аналарға, оқушыларға, ұстаздарға білім беруге қосқан зор үлестері үшін алғыс білдірді.

  • Иә, түлектердің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай сапалы білім берген ұстаздардың еңбегі ерен. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» түлектерге ұстаздарыңыздан алған білімді сынайтын сәт – Ұлттық Бірыңғай тестілеу науқанынан абыроймен шығуды тілеймін! Үлкен өмірге жасайтын қадамның алғашқы сынағынан сүрінбей өтіп, ойлаған жоспарларыңыз жүзеге ассын! – деді Нұрлыбек Ғилажұлы.
    Жайдары жиында жастар мектепті қимайтындықтарын аңғартса, ұстаздар ұжымы шәкірттерінің жолы даңғыл болса екен деп тіледі. Бұл күні ата-аналардың да кеуделерін ерекше қуаныш сезімі кернегендей еді. Күні кеше мектеп табалдырығын аттаған балалары өмірдің жаңа белесіне аяқ баспақшы. Сондықтан, алдағы шешуші сынақтан сүрінбей өтулеріне тілектерін арнады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз