Атырауда «Әрекет» жобасына қатысуға 380 өтініш түскен
Облыста былтырдан басталған «Әрекет» жобасы аясында атыраулық 100 ана тегін оқып, өз кәсібін ашуға бағдар алды. Жалғызбасты, көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші жұмыссыз жандарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған жоба Атырау облысы іскер әйелдер қауымдастығы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен жүзеге асты.
«Әрекетке» қатысуға барлығы 380 өтініш түскен. Соның ішінен тегін курстан өткен 100 адам тігіншілік, шаштараз, кондитер, аспаз, тазалықшы мамандықтарын меңгерген. Қазір жоба түлектеріне шағын бизнесін ашуға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының мәжіліс залында ұйымдастырылған жиында аталған курстан өткен әйелдерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың тетіктері түсіндірілді. Оларға қайтарымсыз грант пен төмен пайызбен несие алуға мүмкіндік бар.
– Былтыр кәсіпкерлерді қолдауға несие 6 пайыздық үстемемен берілді. Биыл жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайыздық үстемемен 5 миллион теңгеге дейін несие берілетін бағдарлама іске қосылды. Шағын несие 21-35 жас аралығындағы азаматтарға беріледі. Өтініш берген сәтте олардың кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Несие мерзімі мал шаруашылығын дамытуға 7 жылға, бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін беріледі. Бұл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалы және жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асады. Биыл жобаға 680 миллион теңге бөлінген, — дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков.
Сондай-ақ, алдағы уақытта іске қосылуы тиіс «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 8 млн. теңгеге дейін несие беріледі екен. Кәсіп иелерін қолдауда мемлекет тарапынан 1 млн. 380 мың теңге қайтарымсыз грант беру қарастырылған. Оған жұмыссыздар мен жеке кәсібінің ашылғанына үш жыл толмаған азаматтар қатыса алады.
– Қайтарымсыз грант кезкелгенге берілмейді. Бұл мүмкіндік жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы ата-анаға, ерекше бала тәрбиелеп отырған ана мен асыраушысынан айырылған санатындағы адамдарға беріледі, — деді Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Мейрамгүл Нұржанова.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ