Төлеген Айбергеновтің Атырауға сапары туралы ақиқат не дейді?

Атыраудан әкемнің Жаңалықтар

Сонау ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақ өлеңіне дауылдата еніп, ақ жаңбырдай селдетіп өте шыққан Төлеген ақынның есімі халықтың аруана-бауыр дүниесімен әлдеқашан бірігіп, біте қайнасып кеткен. Отыз жасында қыршынынан қиылған қыран ақын Айбергенов поэзияда  өз қолтаңбасын қалыптастырып қана қоймай, ғасырлар тасқынына мұқалмайтын, мүжілмейтін ғажайып жыр мұнарасын тұрғызды.

Атыраудан әкемнің

Ақ самалдар, аңқыған ақ жаңбырлар,

Ақ жаңбырлар, толқыған тоғжан қырлар.

Менің қара сабаудай кірпігімнен,

Сатырлатып жинадың маржан қыруар, -деп ақтарылған ақын қазақтың қоңыр қырын қызғалдақ өлеңмен көмкерді.

Ақынның аса бір жемісті жазған жылдары оның өткен ғасырдың 1965-1966 жылдар аралығында Атырау аймағына сапарлаған кездері еді. Сол кездегі Гурьев облысын, оның құрамына кіретін Маңғыстау аймағын армансыз аралаған ақын әйгілі Шәмші Қалдаяқовпен бірлесіп, біздің өлкенің гимніне айналған «Ақ ерке Ақ Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау» әндерін, кейін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын иеленген «Құмдағы мұнаралар» жинағын жазды. Онда өзі тағдырлас атыраулық ақындар М.Отаралиев, М. Сатыбалдиевтермен достығы туралы тамаша естеліктер қалды. ақынның қыздары – Абай атындағы ұлттық университеттің  доценті, филолог-ғалым Салтанат Айбергенова және бұл күнде Францияда тұрып жатқан Айнар Айбергеновалар әкелерінің ізі қалған қасиетті топыраққа сапарлап келген еді. Салтанат Төлегенқызымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақта «асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» деген қастерлі ұғым бар екенін білеміз. Қазақ поэзиясына құбылыс болып енген Төлеген ақын осыдан жарты ғасыр бұрын осы өлкеге еркелей еніп, тамаша туындыларын арнады. Сіздердің бүгінгі сапарларыңыз жайында кеңінен білсек  бола ма?

– Атырау елі біз үшін ғана емес, исі қазақ үшін батырлар мен ақындардың, дәулескер домбырашылардың елі болып есептеледі. Оның үстіне әкеміздің аз ғана ғұмырында осы өлкеде болған уақыты алтыннан да қымбат шығармаларының тууына себеп болды. Ол кісі 1965 жылдың желтоқсанынан 1966 жылдың қаңтар айларына дейін Гурьев облысы және оған қараған аудандарды аралаған екен. Біздің бүгінгі сапарымыздың негізгі мақсаты әкеміздің табанының ізі қалған киелі топыраққа тәу ету болатын. Ол тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.  Сол себепті осы мерейтой туралы ел-жұртпен атқарар шаралар жайында ақылдасып жоспарласақ деп едік. Әрине, атқаратын шаралар көп-ақ. Бұған дейін әкеміздің мерейтойлары Астана, Ақтөбе, басқа бірнеше облыстардың орталықтарында аталып өтіп жатыр, бірақ,  Атырау облыста ондай шаралар бола қойған жоқ. Соны алдын ала еске салып, мұрындық болуды көздеп келдік.

– Төлеген ақынның мерейтойы үлкен қамқорлық, айрықша  дайындықпен  атап өтілуге лайық шара екендігінде дау жоқ. Жыр сүйер ағайында әкелеріңіздің өлеңдерін жатқа оқымайтын қазақ кемде-кем.  Жас ұрпаққа насихаттаудағы атқарылып жүрген шараларға көңілдеріңіз тола ма?

– Ол кісінің есімі  халықтың жадына еш насихатсыз-ақ орнығып кеткен ғой. Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында әр жылғы мерейтойларында әкеміздің атын берген көшелер мен мектептер бар.

Астана қаласындағы №16 мектепке Т.Айбергенов есімі 2001 жылы берілді. Ал, 2002 жылы сол мектептің алдына орнатылған бюстінің лентасын Ф.Оңғарсынова апамыз келіп қиған болатын. Тағы бір  айта кететін жайт, жылда Астана қаласында мектеп оқушылары арасында әкем атындағы мүшәйра өткізіліп тұрады. 2012 жылы осы өңірде республикалық Махамбет оқуларының аясында ғана Төлеген оқулары  өткізілді.

Ақтөбе қаласында №36 мектептің  аты әкеміздің есімімен аталады, сол мектепте 2009 жылы ғылыми конференция өтсе, былтыр Ақтау қаласында  «Ақжол Маңғыстау» бірлестігі ұйымдастырған ғылыми конференция өткізілді,  сондай ғылыми конференция бұған дейін Шымкент қаласында  жалғасын тапты.  Көптеген аймақтарда ақын шығармашылығын насихаттауға арналған кештер өтуде. Енді Атырау жерінде осы сияқты шаралар өткізілсе құба-құп болар еді.

Әкеміздің көзі тірісінде  екі жинағы ғана жарық көрді, үшінші кітабын өзі баспаға дайындап беріп, шыққанын  көре алмай кетті. Әкем дүние салғаннан кейін анам  жарияланбаған өлеңдерін қосып «Мен саған ғашық едім», «Аманат» жинақтарын баспаға дайындап берді. Бертін келе менің құрастыруыммен   «Бір тойым бар» жинағы жарық көрді. Соңғы әр жылдарда «Таңдамалы», «Алтын қалам» сериясымен  «Аруана бауыр дүние», «Атамекен» жинақтары жарық көрді.  1997 жылы әкем туралы Қалбай Әбіл екеуміздің құрастыруымызбен «Біргемін  мен сендермен» естеліктер жинағы жарық көріп, ал, 2007 жылы сол кітап жаңартылып, көптеген толықтырулар енгізіліп  «Жан еді өлең үшін дара туған»  деген атпен жарық көрді. Орыс тілінде «Мир  созвездий» , ал 2014 жылы әкем шығармалары, естеліктер, сын мақалалар, арнау өлеңдер, сөзіне жазылған әндер және орыс тіліндегі аудармалары біріктіріліп, көптен арман еткен  төрт томдық шығармалар жинағы Мұхтар Құлмұхамбет, Бауыржан Жақыптың арқасында қолымызға тиді .

Биыл 80 жылдыққа орай әкемнің дүниеге келуінен бастап соңғы кезге дейінгі өмірі туралы, анамның, туыс, дос-жарандарының естеліктері бойынша, сонымен бірге араласқан  қаламдастары туралы кітапты баспаға тапсырдым. Бұйырса бірнеше айдың көлемінде қолымызға тиетін шығар деген үміттеміз.

– Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова Төлеген ақын туралы  «… Әртүрлі  гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне     кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай асау ағысты екпінімен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді» – деген болатын. Әкелеріңіздің тегеурінді талантына әдебиеттің аузы дуалы ақсақалдары тамаша баға берді. Тағдырдың жазуы ма, болмаса басқа себебі бар ма, ол кісі осы өңірдің Марат Отаралиев, Меңдекеш Сатыбалдиев сынды дарынды ақындарымен жақсы дос болған екен. Әсіресе, Марат ақынмен достығы туралы естеліктер көп айтылады…

– Әкеміздің көз көрген достарының, анамыздың естеліктерін естіп өстік. Өйткені, ол кісі дүние салғанда балалардың тұңғышы өзім жеті жаста, Махаббат бесте, Дәурен үште, ал, кенже сіңлілерім сегіз айлық қана сәби еді. Атыраулық тағдырлы ақын Маратпен достығы барлық естеліктерде айтылады. Ол үнемі менің әкемнің жанына ертіп жүретін жақсы көретін інісі болғанға ұқсайды. Өздерінің түрлері де , киім киістері де ұқсайды екен.

Осы сапарымызда біз Отаралиевтер шаңырағына бас сұғып, ондағы анамызбен жүздестік. Ұлдарымен таныстық. Жарты ғасырдан кейін ұрпақтардың кездесуі  тарихи оқиға болды. Бір қызығы, әкеміздің де, Марат ағаның да құлпытасына жазылған жыр жолдарындағы керемет ұқсастық таңғалдырды. Ол кісі де отыздан аса бере көз жұмған екен. Замандастық, үндестік, тағдырластық деген осы болар, сірә…

– Төлеген ақын отыз жасында кенеттен көз жұмғанда айрықша қайғы жұтқандардың бірі қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаев екенін білеміз. Мұқағали сонау Нөкіс қаласына барып, әкелеріңізді ақырғы сапарға аттандырып салған екен. «Шырылдап торғай өлең бара жатты, Аузында ажал дейтін сұрапылдың» деп күңіренген ақынның мына шумақтары ойға оралып отыр:

«Енді жоқ азаматым, ай маңдайым,

жоқ болды құмға сіңген айрандайын.

Асығыс ылғи жортып жүруші еді,

Бетпақтан су іздеген жайрандайын».

Көзкөргендердің айтуынша ол кісі өте ширақ, үнемі асығыс жүреді екен. Неге асықты деп ойлайсыздар?

– Кім білген… мүмкін ғұмырының қысқа болатындығына көрінген шығар… Шынында, менің сәби санамда әкемнің шапшаң қимылдап, ширақ адымдап жүретін бейнесі жақсы сақталып қалды. Бала күнімізде әкеміз бен анамызға еріп серуенге немесе бір жерге бара жататынымыз есімде. Сонда анам кішкене бауырларымды көтеріп, артта келе жататын. Мен әкемнен қалмайын деп қолынан ұстап жүретінмін. Жүретінмін деген жай сөз, аяғым аяғыма тимей ұшып бара жататынмын. Ол кісі болса тез жүретін. Анама жеткізбейді. Жылдам кетіп бара жатып, бұрылатын жерге келгенде саусағымен нұсқап көрсететін. Анам басын изеп түсінгенін білдіріп, әрең ілесіп келе жататын.

Қазір ойлап отырсам, отыз жас деген не?! Ал, ол сол ғұмырының ішінде соншама өлең мұрасын, біз бесеуімізді тастап кетті. Асықпаса,  мүмкін үлгермес пе еді?..

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз