Атырауда ақын Өтеген Оралбайұлының әдеби-ән кеші өтеді
Ертең, 8 қарашада Атырау өңірінде Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлының “Кіндігімді кескен жер, бесігім болып өскен жер…” атты әдеби-ән кеші өтеді.
–Кеште ақынның поэзиялық шығармалары мен әндері орындалады. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры актерларының қатысуымен театрландырылған көріністер қойылып, шығармашылық мұрасын ерекше мазмұнда паш етеді. Сонымен қатар, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ақынның еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырып, Өтеген Оралбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған видеороликті көрермендер назарына ұсынады, — деді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Индира Мерекенқызы.
Айта кету керек, Өтеген Оралбайұлы – поэзия әлемінде ерекше із қалдырған тұлға. Ол 1952 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылының Ақмешіт жерінде дүниеге келген. 1974 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, журналистика және әдебиет саласында қызмет еткен. Өзінің еңбек жолын Маңғыстау облыстық телеарнасында және жергілікті газетте бастаған ақын кейін “Лениншіл жас”, “Дала дидары” және “Егемен Қазақстан” сияқты басылымдарда редакциялық қызметтер атқарған.
Өтеген Оралбайұлы көптеген мемлекеттік және қоғамдық қызметті де абыроймен атқарып, әдебиет пен мәдениетке сүбелі үлес қосты. 2021 жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ректорының кеңесшісі қызметінде.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ