Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда алғаш рет әуесқой шахматшылар арасында турнир өтті

Абай орталығында облыстық дін істері басқармасының қолдауымен «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен еліміздің Конституциясы күніне орай «Ата заң – ел айбыны» атты шахматтан турнир өтті.

Аймақ тұрғындары арасында діни экстремизм мен терроризм идеологиясы таралуының алдын алып, ұлтаралық және дінаралық қатынасты нығайту, отансүйгіштікті арттырып, Ата заңды құрметтеуді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған тартысты додаға 50-ге жуық 18 жастан жоғары қатысушы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс Швейцар жүйесімен 6 кезең бойынша өтті. Ойыншыларға 15 минуттан уақыт берілді. Ойынға тек әуесқой шахматшылар қатысып, өз бақтарын сынады.
Іс-шараның шымылдығын облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев және ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, бас имам Алтынбек Ұтысханұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыс қатысушысы Берік Қалиев мұндай ауқымды турнирге алғаш рет қатысуда.
– Жалпы шахматқа бала кезімде әкем баулыған. Арнайы тренермен дайындалып көрмедім. Сондықтан әуесқой шахматшылар арасындағы турнир мені елең еткізбей қоймады. Сайыс жоғары деңгейде өте тартысты да қызықты өтуде. Қатысушының бірі болып, тәжірибе алғаным үшін қуаныштымын,-деді ол.
Турнир нәтижесінде ерлер арасындағы байқаудан Азамат Ғабдушев және әйелдер арасындағы сайыстан Арай Нұрмаханова І орынды иеленді. Мұхамғали Сейітов, Тәббат Қабышева ІІ орынды еншілесе, Байлаубай Тумбаев пен Сәния Камелова ІІІ орынға табан тіреді. Жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды және арнайы қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button