Атырауда әлеуметтік нысандарға жылу берілді
«Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен отырыста Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Назаров мәлімдеді»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жылу беру маусымына 3,0 млрд. теңге қаражат бөлінген, соның ішінде жергілікті бюджет есебінен 1,0 млрд. теңге, кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 2,0 млрд. теңге.
«Бүгінгі күні коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстары жоспарланып, 15,6 шақырым жылу желілеріне, 1,4 шақырым су және су бұру желілеріне және 696,7 шақырым электр желілеріне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, облыс бойынша жылу беру маусымы дайындығына 412 білім беру және 147 денсаулық сақтау нысаны толықтай сынақтан өтті. 1776 көпқатарлы тұрғын үйлер дайындалып, қазіргі таңда 1751 тұрғын үй сынақтан өткізілді»,- деді Ерлан Назаров.
Өңірде ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап әлеуметтік сала нысандарына жылу беріле бастады.
Қазіргі таңда 412 білім беру нысанның 405-не (98%), 147 денсаулық сақтау нысанның 80-не (54%) жылу берілген. Қалған нысандар ауа-райына қарай біртіндеп жылуға қосылады.
Көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру 15 қазаннан басталады.
Дегенмен, басқама басшысының айтуынша, ауа-райы күрт салқындаған жағдайда көпқабатты тұрғын үйлерге белгіленген мерзімнен бұрын жылу беру мүмкіндігі қаралған.
Сонымен қатар, отырыста өңірдегі эпидемиялогиялық ахуал, екпе жүргізу, бюджеттің орындалысы туралы мәселелері де қаралды.
Жиын соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов қала, аудан әкімдері мен жауапты тұлғаларға көтерілген сұрақтар бойынша бірқатар тапсырмалар берді.