Атырауда «Абай орталығында» 800-ге жуық оқушы 30 бағыттағы үйірмелерде білім алуда
«Ағылшын, шахмат және домбыра…»
Е н д і т ө р т і н ш і с ы н ы п т ы ң табалдырығын аттайтын кішкентай Илияс Эдуард қолындағы домбырасын қоя салып, саусағын бүгіп, санай жөнелді. Бұл оның Абай атындағы оқушылар орталығындағы баратын үйірмелері. Зерек бүлдіршін жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында жазылған қосымша дәрістердің көп пайдасы барын айтады.
«Жаңадан достар таптым. Уақытым да тез өтеді» деген шәкіртінің сөзін қолдаған үйірме жетекшісі талапты оқушысының домбыраны қолына алғанына аз уақыт өтсе де, күй, ән тартуды үйреніп алғанын айтты. Жалпы, аталған орталықта зерек оқушылар өте көп. Үйірмелерге қатысуға ниет білдіргендер санының күн санап көбейіп келе жатқаны осыны айғақтайды да. Абай атындағы Атырау қалалық оқушылар орталығы 4 ғимаратта жұмыс жасайды. Орталық жұмысы жалпы 7 бағытты қамтиды. Өнер, шығармашылық, технологиялық, көркем-эстетикалық, спорттық, әскерипатриоттық, экология-биологиялық тақырыптар қамтылған үйірмелердің жалпы саны 100-ге жуықтайды екен. Ал, біз бас сұққан жаңа ғимаратта «Домбыра», «Сөз мергені», «Би өнері», «Баян», «Эстрада вокал», «Актерлік өнер», «Лего конструктор», «Робототехника», «ІТ сынып», «Қолөнер», «Сиқырлы моншақтар», «Бейнелеу», «Тіл дамыту», «Funny english», «Жас журналист», «Ақындыққа баулу және сөз шеберлігі», «Психология әлемі», «Футбол», «Шахмат», «Дзюдо», «Каратэ», «Таэквондо», «Көркем гимнастика» сынды 30 шақты үйірмеге 800-ге жуық оқушы қатысады. Н ұ р с а я м ө л т е к а у д а н ы н д а ғ ы сырт келбеті айрықша, іші толық жабдықталған заманауи ғимараттың құрылысы 2018 жылы басталып, екі жыл бойы салынған.
Бір бала бірнеше үйірмеге бара алады
«2020 жылдың мамыр айында теңгерімге берілгеніне қарамастан, қалыптасқан санитарлық ахуалға байланысты орталық оқушыларды қазан айында ғана қабылдады. Алайда, бұл жұмыстар да ұзаққа созылмай, кейін тоқтап қалды. Біз, биылғы маусым айынан бері жұмыс жасап келеміз» деді бізді қарсы алған орталық директорының міндетін атқарушы Нұргүл Масакаева. Былтыр орталықты ұлы Абай есімімен атау туралы ұсыныс айтылған еді. Министрлік деңгейіне дейін жеткен бастама оң нәтижеге ие болып, 2020 жылдың 3 желтоқсанында Атырау қалалық оқушылар орталығына Абай есімін беру туралы Премьер-министр Асқар Маминнің арнайы қаулысы қабылданды. «Орталықтың негізгі мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді, мазмұнды өткізу. Спортқа, өнерге, шығармашылыққа бейім балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету, б о л а ш а қ т а м а м а н д ы қ т а ң д а у ғ а бағыт-бағдар беру» деген Нұргүл Нысанбайқызы орталықтың мектеп жасындағы оқушыларға арналғанына тоқталды. «Ата-аналардың ақылы және ақысыз үйірмелерді таңдауға, сонымен қатар, бір баланы бірнеше үйірмеге қатыстыруға мүмкіндігі бар. Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары үшін барлық үйірме тегін жұмыс жасайды» деді ол. Айта кетейік, үйірмелердің басым бөлігі – тегін, кейбірі – айына 5000 теңге болса, спорттық үйірмелерге 10000 теңге төлеу қажет. Нұргүл Масакаеваның айтуынша, алдағы уақытта жоғарыда аталған үйірмелерден бөлек, қосымша бағыттар ашу жоспарда бар. Болашақта бассейн де іске қосылмақ. «Оның бәріне зал жеткілікті болғанымен мамандар қажет. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында сұраныстар жолдаумен қатар, enbek.kz сайтына да үнемі хабарландыру беріп отырамыз» деді директордың міндетін атқарушы.
Ат әбзелдерін жасайтын күн жақын
Жалпы мәліметтерге қаныққан соң, директордың бейін бойынша орынбасары Мақаш Ильясовпен бірге орталықтың жұмысымен жақынырақ танысу үшін бес қабатты ғимаратқа саяхатты бастадық. Заманауи жабдықталған, лифт қызметі іске қосылған ғимаратта ерекше балаларға да барынша жағдай жасалған. Оқушылар тарапынан зор сұранысқа ие болғандары – спорттық үйірмелер. «Жеке дәрістер жоқ, топтық үйірмелер қарастырылған. Сыныптардағы ең көп бала саны – 20. Көп сұранысқа ие үйірменің бірі – каратэ. Ең кішкентай оқушым – 5 жаста болса, ең үлкені 14-те» дейді аталған үйірме жетекшісі Абат Әмірханов. Біз де өз кезегімізде салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен болашақ чемпиондардың шығуына сәттілік тіледік. «Балалар орталықтағы үйірмелердің басқаларымен салыстырғанда қымбат екендігіне қарамастан, спорттық секцияларға жазылушылардың саны көп. Әсіресе, қыз балаларға орталықта таңдау мүмкіндігі бар. Көркем гимнастика, би өнері, моншақтармен жұмыс секілді сан-салалы үйірмелер жұмыс жасайды. Осы ретте айта кетейін, ұлдардың атааналары тарапынан түскен сұраныстың бірі – ат әбзелдерін жасау және ағашпен жұмыс. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін көркем еңбек және технология пәнінің мұғалімдерін сұратудамыз. Әзірге 1 маманмен келіссөз жүргізілуде. Таяу уақытта ашу жоспарымызда бар.
Өйткені, арнайы станоктар алынған, орталықта жабдықталған дәріс бөлмесі дайын. Бұған қоса, автомоделирование үйірмесін ашуды да жоспарлап отырмыз. Маман табылып, ниетті балалар саны толық болса, қажетті құрал-жабдықтарға да сұраныс бере аламыз» дейді Мақаш Алмасұлы. Ұлдар тарапынан сұранысқа ие үйірмелердің тағы бірі – робототехника мен ІТ сынып және лего конструктор екен.
Психология деген ғажайып әлем…
Ерекше балаларды ортаға бейімдеу, балалардың ішкі танымын арттыру мақсатында ашылған арнайы сыныптың аурасы да айрықша. Баяу музыка, жайлы ахуал. Аталған үйірмеге балалар зор қызығушылықпен қатысатынын айтқан Анар Сағынбаева – екінші санатты педагог-психолог. Аталған үйірме жетекшісі Анар Жұматқызы ерекше балалармен жұмыс жасайтынын да айтады. «Былтыр Михаил есімді оқушыммен төрт жыл бойғы үздіксіз еңбектің нәтижесінде үлкен жетістікке жеттім. Ата-анасының да қолдауы көп болды. Бізге 5 сыныпта оқып жүргенде келген. Сол уақытта тұтығып сөйлейтін, өте тұйық бала еді. Дәрістердің нәтижесінде 100 пайыз анық сөйлейтін деңгейге жетті. Тас терапиясы арқылы қорқыныштан арылсақ, құм терапиясы арқылы ұсақ моториканы дамыттық» дейді ол бізбен әңгімесінде. Қазір бұл үйірмеге 50-ге жуық бала келеді. 9 сыныптан жоғарылар бір топқа жинақталса, одан кейінгі сыныптар екінші топта. Дәрістер арт терапия бөлмесінде де өтеді екен. «Үйірме арқылы ерекше балаларды дамыту көзделгені анық. Ал, қалыпты оқушылар қандай мәлімет ала алады?» дедік біз. «Оқушыларға тренинг өткіземін. Әсіресе, жоғары сынып оқушылары өте тұйық. Өйткені, телефонға тәуелділік өте көп. Психология саласын меңгеруге қызығушылық танытатын оқушыларды қолдауға ұмтыламыз» деген А.Сағынбаева – екі жылдан бері республикалық курстың лекторы. Педагог республикалық деңгейдегі дәрістердің оң нәтижелерін өз сабақтарына пайдаланатынын айтады.
Орталыққа онлайн жазыл!
Әңгімеміздің әлқиссасында айтылған кішкентай Илияс сынды бір топ бүлдіршінге нота үйретіп, домбыра қағысын, денені тік ұстау, пернені дәл басу сынды қағидаттарды құлағына құйып жатқан «Ақжелкен» домбыра үйірмесінің жетекшісіСамиға Ерғалиева ең кішкентай оқушысының 6 жаста, үлкенінің 15-те екенін айтады. «Әр топта 15 баладан бар. Қатысушылар өте көп. Оқушылар үйде де жаттығу үшін жеке домбыра сатып алады. Ал, қажеттілік болса, орталықта да домбыралар бар. Талапты, ынталы оқушылар өте көп. Нотаны жаңа танып жүрсе де, зор қызығушылықпен күй тартуға ниет білдіреді. Ұлттық аспабымыздың мерейін тасытатын осындай шәкірттеріммен мақтанамын» дейді ол. Осы тұста мекеме басшысына «Мен ата-анамын. Баламды орталықтағы үйірмелерге әкелгім келеді. Қандай қадам жасауым қажет?» деген сауал қойдым. «Мемлекеттік қызмет көрсетудің талаптарына сай, қазіргі уақытта құжаттарды онлайн қабылдау әдісін қолданудамыз. Яғни, электронды түрде мектепке өтінім бергендей, сол тәртіппен ұсыныс бере алады. Егер ата-ананың мүмкіндігі болмаса немесе компьютермен жұмыс жасай алмаса 4 орталықта да өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылған. Осында келіп, мамандардың көмегімен сұраныс жібере алады. Ата-ана онлайн жазылған соң, кестені алып кетуге бір-ақ келеді» деді Нұргүл Нысанбайқызы.
С а н и т а р л ы қ т а л а п т а р қ а т а ң сақталғанын кіреберістен-ақ көзіміз шалды. Ашық жүйесіне QR код арқылы тексеріліп, ішке енген соң, қызуымызды да өлшеді. «Балалар да осы жүйемен келе ме?» дейміз. Білгеніміздей, атааналар ішке енбейді. Кестедегі уақытқа сай сабаққа келген соң, алып кетуге бірақ келеді екен. Жаңадан келген ата-аналар үшін орталық туралы мол мағлұмат алу үшін бірінші қабатта арнайы монитор жасақталған. Ол жерде үйірмелер атауы, дәріс беретін ұстаздар туралы толық мәлімет жинақталған. «Таяу уақыттарда орталық ішін виртуалды аралауға мүмкіндік тумақ. Ол үшін арнайы көзілдіріктерге тапсырыс берілді. Соның көмегімен кез-келген атаана 5 қабатты ғимаратпен түгел таныса алады» дейді директор жаңалығымен бөлісіп.
Он саусағынан өнер тамған оқушылар
«Осы тұста айта кеткен жөн» дейді Мақаш Алмасұлы әңгімеге араласып, «Тәртіп бойынша үйірмелерге қатысу саны шектеусіз. Алайда, ата-аналарға үйірме санын 3-тен асырмасаңыздар деп кеңес береміз. Өйткені, бала шаршап, жалығады немесе қызығушылығы төмендеп кетеді. Әйтпесе, кейбір атааналар қызығып, 5 үйірмеге дейін жазылады. Ал, үйірмеге жазылған оқушы келмей қалса, оның орны 1 жылға дейін сақталып тұрады» дейді ол. Қ а ғ а з д а н қ ұ м ы р а ж а с а у ғ а құлшыныспен кіріскен балалар «Оригами» үйірмесіне қатысудың зор пайдасы бар екенін айтады.
Жетекшісі Гүлнұр Зайырқызы да 62 бала қатысатынын айтып, балалар қолынан шыққан туындыларды таныстырды. Келгеніне көп болмаса да қайшы, қағазбен еркін жұмыс жасап отырған 6 жастағы Мұстафа бұдан басқа футбол үйірмесіне де қатысатынын айтты. Біз бас сұққан уақытта би үйірмесінің жетекшісі Жанат Төлеуғалиқызының гимнастикалық жаттығуларын бір кісідей қайталаған бүлдіршін қыздар жамырай амандасты. «Бізге би билеу қатты ұнайды. Апайдың сабағынан ешқашан қалғымыз келмейді» деген бүлдіршіндердің бұл тобы – ең кішкентайлар екен. Жалпы саны 70- ке жуық оқушы жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше топқа бөлінген. Кішкентай Кәусар Амантаева 9 жаста. Орталықтағы 3 үйірмеге келетінін айтқан ол: «Айман апайымыздың сабақтары өте қызықты. Сурет салуға қатты қызығатынмын. Енді, қараңызшы, альбомымдағы ең бастапқы кездегі суреттерім мен қазіргі салғандарымды салыстырсам, өзім күлкім келеді» дейді балалық шынайы көңілімен. Кәусарға қосылып, өзге балалар да қолдарындағы альбомын көрсетуге асықты. Біз шыққан сәтте ұстаздары Айман Бүркітбаеваның
тақтадағы сызбасын өз жұмыс дәптерлеріне салуға асыққан кішкентай суретшілер зор қызығушылықпен сабақтарын жалғастырды. Байқағанымыздай, орталыққа бір отбасыдан бірнеше бала келеді. Әлеуметтік осал топ санатына жататын ата-ананың бірі Айжан – 5 баланың анасы. Орталық жұмысына көңілі толатынын айтып, үш баласының бірнеше үйірмелерге қатысатынын жеткізді. «Қызым би үйірмесіне қызығушылық т а н ы т т ы . А л , е к і ұ л ы м с п о р т секцияларында. Үшеуі де ағылшын үйірмесіне қатысады. Каникул кезінде карантиндік шектеулерге де байланысты алаңсыз қыдырып, суға түсетіндей де көп мүмкіндік болмады. Сондықтан, осындай заманауи орталыққа тегін қатысуға мүмкіндік жасалғанына қатты қуаныштымыз» дейді ол.
«Орталықтың әлеуеті зор.
Соған сай, бала да өзін әр бағытта қарап көруге мүмкіндік алады. Қазіргі таңда санитарлық талаптың сақталуы – ең басты назарда. Сыныптың сыйымдылығына байланысты, оқушы саны көбейіп кетсе, қосымша кабинет ашамыз. Балалар қауіпсіздігі – алдыңғы орында. Лифт жұмыс жасайды. Әр дәрістен шыққан соң, үйірме жетекшісі оқушыларды бірінші қабатқа жинайды. Келесі пәннің дәріс берушісі де дәл осы талаппен өз сабағына қатысатын оқушыларды осы жерден іріктейді. Уақыты аяқталғандар ата-анасы келген соң, үйлеріне жіберіледі. Орталықтың конференц және үлкен акт залдары бар. Ол жерде түрлі шаралар, үйірмелердің есептік концерттерін беруге мүмкіндік қарастырылған. Таяу уақыттарда асхананы ашу да жоспарда бар» деді орталық директорының міндетін атқарушы Нұргүл Масакаева бізбен қоштасар тұста. Жаңашыл орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, біз де сыртқа беттедік. Хакім Абай армандаған білімді ұрпақ қалыптастыру жолындағы ұлы баба есімін иелеген орталық талай дарынды, талапты да талантты жастың қанат қағар ордасына айналғай!
Гүлжан ӘМІРОВА