
Атырауда «Абай мұрасы – халық даналығы» республикалық жастар марафоны өтті
Кеше, 10 тамыз күні Атырау қаласындағы “Жастар” саябағында ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай мұрасы – халық даналығы» атты рухани-әдеби кеш өтті.

Іс-шараны Атырау облысы ішкі саясат басқармасының «Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырып, «Ауыл» партиясының Атырау облыстық филиалы және «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының өңірлік өкілдігі қолдау көрсетті.
Жиынның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын жастар арасында насихаттап, ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен таныту, өскелең ұрпақтың ұлттық рухани санасын арттыру болды.

Мерекелік кештің бағдарламасы Абай шығармашылығына арналған салтанатты ашылумен басталып, поэзия мен әнге ұласқан әдеби-музыкалық қойылымдармен жалғасты. Кешке қала тұрғындары, жастар, қонақтар мен өнер сүйер қауым жиналды. Олар ақынның өлеңдері мен әндерін бірге тыңдап, рухани азық алды.
Кеште жергілікті талантты жастар мен өнерпаздар Абайдың шығармаларын жүрек тебірентерлік сезіммен орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Абай рухын ұлықтаған бұл кешке 100-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Жиын соңында қатысушылар мен қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ақын мұрасын дәріптеуге арналған мұндай мазмұнды кездесулер жиі ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ