«Bilim-like» – «Аtyraý» газетінің жаңа қосымшасы!

DSC04164 Білім

Аtr.kz/24 сәуір, 2019 жыл. «Аtyraý» газетінің бастауыш сынып оқушыларына арналған арнайы қосымшасының кезекті саны оқырмандарға жол тартты.

– Облыстық «Atyraý» газетінің мектептердегі бастауыш сынып оқушылары үшін «Bilim-like» қосымшасын қолға алуы құптарлық. Бүгінгі сан алуан техниканың дамыған заманында балалардың гаджеттер мен телефонға, көгілдір экранға үңіліп, бала санасына кері әсер етер мультфильмдер көріп, түрлі ойындарды ойнайтыны рас. Бұл бүлдіршіндердің денсаулығына кері әсерін тигізіп, рухани дамуына да кедергі келтіреді.

Осы орайда облыстық басылым Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бастауыш сынып шәкірттерін рухани даму жолына бағыттап, газет оқуға бет бұруы әрине, оңды шешім. Оқушылар газетте мұғалімдер ұсынған түрлі логикалық тапсырмаларды қызыға орындайды деп сенемін. Сондай-ақ, өнерлі оқушылар туралы, олардың жазған шығармалары басылым бетінде жарық көрсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Бұл тұрғыда «Bilim-like»-тың алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, біздің де білім ордасы осынау іске белсене атсалысуды жөн көрдік. Ең алғаш 1991 жылы негізі қаланған гимназия 2017-2018 оқу жылын жаңа ғимаратта бастады.

Бүгінде білім нысанында 2160 оқушы дәріс алады. Оның ішінде бастауыш сыныпта 1000 оқушы болса, 406 бала қазақ тілді сыныптарда оқиды. 69 оқушы – оқу озаты. Оқу екпінділері саны – 175. Білім көрсеткіші – 77 пайыз. Білім мен тәрбиені қатар алға қоятын педагогикалық ұжым оқушылар арасында түрлі іс-шараларды ұйымдастырудан кенде емес.

Мәселен, биылғы оқу жылында бірнеше апталық қолға алынып, оның негізінде «Толағай» отбасылар сайысы, «Жұлдызды сәт» интеллектуалды ойыны, «Ертегілер елінде», «Білім сабақтары», «Ата-аналармен кездесу» секілді шаралар сәтті өтті. Сонымен қатар, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруды алға қойған гимназияда талай додаларда оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінген білімді де дарынды балалар аз емес. Олар туралы «Bilimlike»-тың келесі нөміріне ұсынатын боламыз.

Әлия ИНЕБАЕВА,

ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия директорының уақытша міндетін атқарушы.

Сурет А.АБДОЛДІКІ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз