Атырауда 5 жылдан бері іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы ұсталды
Атыраулық полицейлер 2018 жылдан бері іздеуде жүрген Өзбекстан азаматын ұстады.
Атырау облысы аумағында заңсыз көші-қон фактілерін анықтау, тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған шетелдіктерді анықтау мақсатында 19-25 маусым аралығында республикалық «Заңсыз келуші-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
«Іс-шара барысында Атырау қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері 2018 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 1981 жылғы Өзбекстан Республикасының азаматын анықтаған. Аталған шетел азаматы 2023 жылдың 3 маусымында Қазақстан шекарасына өтіп,жұмысқа орналасу үшін құжат тапсыруға Атырау қалалық көші-қон қызмет бөліміне келген. Кейін, полиция қызметкерлері 42 жастағы шетел азаматының жеке басын жан-жақты тексеру барысында аталған тұлғаның халықаралық іздеуде жүрген күдікті екендігі анықталған», — деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өзбекстан Республикасының 1981 жылғы азаматы Ресей Федерациясының Қылмыстық Кодексінің 322-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасап, 2018 жылдан бері іздеуде жүрген.
Аталған факті бойынша қылмыскер ұсталып, криминалдық полиция басқармасына тапсырылды.