«СЕНІМ ЖӘШІГІНЕ» СЕНБЕЙМІЗ!..

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, облыстық қаржылық бақылау инспекциясы, Атырау қалалық ішкі істер басқармасы және қалалық прокуратура қызметкерлері шаһар аумағында жүргізілген тексеріс жұмыстары бойынша есеп берді.

 

Жиын барысын «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Алмас Шеркешбаев жүргізіп отырды.

Алдымен, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама шеңберінде орындалған шаралар мен 2013-2014 жылдары атқарылған істер жөнінде Атырау қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Темірбек Мусағалиев баяндады. Аталмыш басқарма жұмысын Бақытгүл Хаменованың жетекшілігімен құрылған арнайы сараптамалық топ тексерген болатын.

Өткен жылдың 9 ай қорытындысы бойынша барлығы 302 нысан қаралып, жоспардан тыс 177 нысан тексерілген. Бас-қармаға 2014 жылы жеке және заңды тұлғалардан 1684 арыз-шағым түссе, оның 49-ы санитарлық-эпидемиологиялық мәселелерге байланысты. Сондай-ақ, қалалық прокурор Н.Қарашолақ №15 қаулы негізінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі», «Жеке және заңды тұлғалардың өті-ніштерін қарау тәртібі», «Мемлекеттік бақылау және қадағалау» және «Жеке кәсіпкерлік» туралы Заңдарының сақталуын тексерген. Алайда, оның нәтижесі дайын болмауы себепті сараптамалық топқа мәліметтер көрсетілмеді.

Осыдан соң қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадырғали Тұрғанов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалу барысына тоқталды. Бұл бөлімнің жұмысын Аман Дүйсенғалиев бастаған сараптамалық топ қатаң сынға алды. – Сақталуға тиісті заңдылықтарды былай қойғанда, қарапайым сенім телефондары мен жәшіктермен жұмыс көңіл көншітпейді. Телефонның соңғы жазбасы өткен жылдың наурыз айында тіркелген және сенім жәшігіне осыған дейін бірде-бір хат келіп түспеген. Басқарма тарапынан қажетті құқықтық құжаттар қамтылмаған, бұл Елбасының жемқорлықпен күрес саясатына нем-құрайлы қараудың белгісі болып табылады. Кәсіпкерлік бөлімде сегіз мемлекеттік қызметші бар, қалған 14 қызметкер келісім-шарт негізінде жасайды. Осы ретте кадрлық құрамның жүйесіздігі аңғарылады, – деді А.Дүйсенғалиев.

Былтыр бөлімге 203 арыз-шағым жолданған. Айталық, сауда нысанына уақытша жер бөлуді сұраған Б.Байбатырованың өтініші екі күннен кейін сәулет және қала құрылысы бөліміне жіберіліпті. Мұндай өтініштердің аталмыш бөлімге үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны бесенеден белгілі. Ал, «Көктем» сауда орталығынан орын сұраған О.Камалованың өтініші бірнеше айдан соң қаралып отыр. Ал, дәл сол сауда орнынан орын сұраған   А.Жұмағалиевтің өтініші бір жұмыс күні ішінде шешімін тапқан. «Алмагүл» ықшамауданы тұрғындарының «Рерреr*s» жауапкершілігі шектеулі се-ріктестігінің заңсыз қызметіне қатысты арыз-шағымдары екі апта өткеннен кейін қаралып, ішкі істер бөліміне емес, тұрғын үй-коммуналдық бөлімге жіберілген.

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдан бастап әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты жаңа Кодекс  күшіне енді. Аталмыш кодекстің 173-бабы бойынша әкімшілік құқықты бұзғандар енді жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтін болады. Сауда қызметін реттеу туралы Заң аясында былтыр сауда жәрмеңкелерін өткізу ережесі белгіленген болатын. Ол бойынша Мұнайшы спорт кешенінің аумағында азық-түлік жәрмеңкесі апта сайын ұйымдастырылып отырады. Алайда, тексеріс барысында «жәрмеңке» атауын жамылып, әдеттегі сауда-саттықты қыздырып жатқандар анықталды. Оның үстіне, тазалық шарттары сақталмайды, тауарлардың жарамдылық мерзімі көрсетілген рұқсатнама құжаттары атымен жоқ. Ал, дұрысында кәсіпкерлік бөлімі саудагерлер мен кәсіпкерлерден тиісті құжаттарды талап етіп отыруы керек емес пе? Сарапшы топ өкілдері осыны ескертті.

Амандық АБДОЛ.

Суретті түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз