Атырауда 260 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды
Бұл туралы Атырау облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Гүлзия Құрманова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл Атырау облысы бойынша 210 мың гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскесін мемлекетке қайтару тапсырмасы берілген болатын. Аталған тапсырма бойынша күні бүгінде Атырау облысы жоспарды артығымен орындап, барлығы 260 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып отыр.
Сонымен қатар жыл басынан бері департаментпен 88 тексеру жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 85 тексеру жұмыстары жоспардан тыс өткізілді. Үш рет бару арқылы профилактикалық тексеру жұмыстары құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасында тіркеліп, жүргізілген. Сондай-ақ үш тексеру жұмысы тіркеуден бас тартылып, бес тексеру жұмысы бойынша заң бұзушылық анықталмаған.
— Департамент ҚР Жер кодексінің 147 және 148-баптарына сәйкес Атырау облысы бойынша «Жер заңнамаларын бұзу» жөніндегі істерді қарайды. Осыған байланысты жер заңнамасын бұзушылық болған жағдайда оны жою үшін тексеру жұмыстары жүргізіледі. Биыл жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша жер учаскесін өз бетімен иелену және мақсатсыз пайдалану бойынша 83 заң бұзушылық анықталды. Соған сәйкес жер заңдылықтарының бұзылуын жою туралы орындалуға міндетті нұсқамалар табысталды. Тағы бір айта кететін жайт, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 338-бабының талабы бұзылуымен 21 жеке және заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, сәйкесінше қаулылар шығарылып, ескерту берілді. Сондай-ақ 339-баптың талабы бұзылуымен 4 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша 51 мың 750 теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді Г.Құрманова.