АРУЛАР – АСЫЛ ЖАНДАР

Ел Президенті басты назарда ұстап отырған ана мен балаға деген қамқорлықтың нәтижесінде әлеумет әл-ауқаты жақсарып, демографиялық ахуалда айтарлықтай өсім байқалып келеді. Көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күніне орай, Махамбет атындағы қазақ драма театрында болып өткен салтанатты жиын барысында барлық нәзікжандыларды құттықтап, жылы лебіздерін жолдаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өз сөзінде өткен жылы өңірімізде 16 318 сәбидің дүние есігін ашқанын атап өтті. «Сондай-ақ, былтыр мыңның үстінде балабақша орны ашылса, биыл оның саны үш еселенеді деп күтілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға сапарында бала тәрбиесінің негізі үш пен алты жас аралығында қаланатынын айтқан еді. Демек, мұндай игілікті жұмыс жалғасын таба береді» деп мәлімдеді аймақ басшысы.

 Әйел-аналарды мерекемен құттықтаған облыс басшысы бүгінде көп балалы отбасы болудың қалыпты тенденцияға айналып отырғанын жеткізді. «Облыста барлығы 10 мың 852 «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері бар. 9075 отбасы төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отыр. Жыл басында Атырауда екі үшем дүниеге келді» деген аймақ әкімі өңірде өмір сүру ұзақтығының 70 жасқа дейін артқандығын жеткізді. 

Отбасы өнегесін сақтап, шаңырақ татулығы мен ұрпақ өсірудің үлгісі болып отырған әйел-арулардың кәсіпкерлікте, ауыл шаруашылығында, өндірісте де белсенді қызмет етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырғанын ерекше атап өткен өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов одан әрі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес берілген бір топ «Алтын алқа» және «Күміс  алқа» иелеріне төсбелгілерін салтанатты жағдайда табыс етті. 

Одан соң облыс әкімі өз ісінің шебері ретінде танылған бір топ әйел азаматқа «Алғыс хат» табыстады. Марапатталғандардың ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, құқық, спорт, экология саласының да мамандары болды. 

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Мерекелік бағдарламаға жетекшілік етуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов арнайы келді. Белгілі болғанындай, Наурыз мерекесіне орай осы өнер ұжымын Түркия, Германия, Австрия мемлекеттеріне гастрольдік сапар күтіп тұр. Сондай-ақ, көрермендер шара барысында Атырау қалалық №13, №17 балабақша бүлдіршіндерінің мерекелік бағдарламасын тамашалады. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз