АТЫРАУДА 200 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ ЖАТАҚХАНА АШЫЛДЫ
«Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Атырау жоғары медициналық колледжінің 200 орындық студенттер жатақханасы ашылды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
74 жылдық тарихы бар оқу орнында бұған дейін жатақхана болмай, студенттер жылдар бойы мәселе етіп көтеріп келген. Қазір білім алып жатқан 1365 студенттің 800-ден астамы аудан, ауылдан келген жастар. Бес қабатты заманауи нысан колледж студенттері сұранысының 90 пайызын қамтиды.
Жатақхананың ашылуына қатысқан Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, осы жылдары жеткен жетістіктерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында «Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті» — деп, атап көрсеткен болатын. Өйткені, басты міндет: халық саулығын қорғау және сапалы медициналық қызмет көрсету. Осы тұрғыда, облыс медицинасын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 30 жылда облыс бойынша 65 денсаулық сақтау ғимараты қолданысқа берілді. Бүгінде облыстағы медициналық техникалармен жабдықталу көрсеткіші 91% процентті құрайды. Бұл жетістіктердің барлығына Тәуелсіздіктің арқасында жетіп отырмыз. Өңір медицинасын дамытуды күшейте береміз»- деген аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов, жалпы медицина саласының дамуы әрқашан білікті кадрлар дайындау мәселесімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Облыс әкімінің сөзінше, медицина қызметкерлері тапшылығын жою үшін жыл сайын облыс әкімінің гранты бөлініп, жас мамандарға әлеуметтік қолдаулар тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Мәселен, 2017 жылдан бері медициналық кадрларды дайындауға облыс әкімінің 335 гранты бөлінген. Соңғы үш жылда медицина қызметкерлеріне 89 пәтер берілген.
Өз кезегінде Қазақстанның Денсаулық сақтау ісінің үздігі, колледж ардагері Ақжұма Жаңбырова «Бұл облыс халқы үшін үлкен қуаныш. Мұнда шалғайдан келген студенттер жатып, білім алады. Тәуелсіздік жылдары облысымыздың медицина саласы көп жетістіктерге жетті. Қолдау жыл санап артып келе жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе, осындай жағдайлардың жасалуы, жас мамандар дайындауға үлкен қолдау деп білемін»,-деді.
Көпбейінді колледж жатақханасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда ем қабылдау, оқшаулау, алғашқы медициналық көмек көрсету, өзін-өзі дайындау, сондай-ақ тәрбие бөлмелері, фитнес зал, оқу, мәжіліс залдары, асхана, әр қатарда демалу бөлмесі, кір жуу бөлмесі қарастырылған. Тіпті жатақхананың алдында да спорт алаңы бар.
Колледж студенті Арайлым Сапарбаева «Біз сияқты болашақ мамандардың алаңсыз білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Мемлекетіме алғысымды білдіремін»,-деді.
Жатақхана Елбасы Н.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа үндеуі мен мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жастар жылы» шеңберінде жастарды қолдау іс-шараларын жүзеге асыру туралы Үкіметке берген тапсырмасы аясында салынды.
Айта кетейік, Атырау жоғары медициналық колледжі осы уақытқа дейін 15 мыңнан астам маман дайындап шығарған.