Атырауда 150 қойымен жоғалып кеткен тұрғын табылды

210213144938283e Жаңалықтар

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жылыой ауданында 76 жастағы егде адам бағып жүрген 150 қоймен бірге жоғалып кеткен.

«Жылыой аудандық полиция бөліміне 11 ақпанда күндізгі сағат 10:35 шамасында Жем селолық округіндегі шаруа қожалығында жұмыс істейтін 76 жастағы ер адамның жоғалғаны туралы хабар түсті. Өріске 150 қойды бағуға шыққан егде адам қайта оралмаған. Сол күні полицейлер мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері егде жастағы адамды іздеуді бастады» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

«Қазақпарат» хабарлағандай, арада бір тәулік өткен соң Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Біржан Зинуллин ​ жоғалған азаматты 12 ақпанда сағат 11:00-де «Асан-Кеткен» қырынан тапқан. Шаруа қожалығының қыстағынан 15 шақырым қашықтан табылған қарияның туыстары полиция инспекторына алғысын білдірді.

«Шынымды айтсам, жоғалған қарияның туыстары алғыс айтар деп күткен жоқ едім. Өйткені, қиналған адамдарға қол ұшын созуды міндетім деп санаймын. Сондықтан, мақсатым – жүрек қалауыммен таңдаған қызметімді, өзіме жүктелген міндетті абыроймен және адалдықпен атқару, -дейді Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Біржан Зинуллин.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз