Атырауда 130 отбасыға пәтер кілті табысталды
Атырау қаласының тұрғындары үшін биылғы қала күні ерекше қуанышты сәтпен есте қалмақ. Бүгін “Модерн” тұрғын үй кешенінде салтанатты жағдайда 130 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Салтанатты түрде пәтер кілттерін қала әкімі Шәкір Кейкін табыс етті. Сондай-ақ, ол қоныс иелерін айтулы мерекемен облыс әкімі Серік Шәпкеновтің атынан құттықтады.
Қала әкімдігі мен жергілікті билік өкілдері тұрғындарға қолдау көрсету және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында осы маңызды жобаны жүзеге асырды. Жаңа үйлер заманауи талаптарға сай салынған, жайлы әрі қолайлы инфрақұрылыммен жабдықталған. Әсіресе, көпбалалы отбасылар, ардагерлер мен әлеуметтік әлсіз топтарға ерекше назар аударылған.
Салтанатты рәсімде сөз алған Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қала күнін осындай маңызды әрі игілікті іс-шарамен атап өту – қала тұрғындарына көрсетілген үлкен қамқорлық екенін атап өтті.
– Жыл басынан бері 132 отбасы пәтер кілтіне ие болған. Бүгінде сол жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, тағы да 130 отбасы баспаналы болғалы отыр. Олардың барлығы да пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар, яғни, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Жыл соңына дейін бұл шаралар жалғасын табады. Әр отбасының өз шаңырағының болуы – басты мақсатымыз. Біз осы бағытта жұмыс істеп, алдағы уақытта да тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жолында еңбек етеміз, — деді ол.
Жаңа пәтерлерге қол жеткізген отбасылар өз ризашылықтарын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтты. Жаңа үйлерге көшіп келген тұрғындар енді болашаққа сеніммен қарап, жарқын өмір сүруге дайын.
Қала күніне орай ұйымдастырылған шара тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамалардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да Атырауда халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылатын болады.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – көпбалалы ана Нұргүл Есмахова. Тұрғын үй кезегінде 2016 жылдан бері тұрған ол осы күнге дейін алты баласымен бірге “қара шаңырақта” тұрып келіпті. Мұндай жаңалықты естіген кезде сенер-сенбесін білмей, тіпті, түн бойы көз ілмей келіпті.
–Қалалық әкімдіктен хабарласқанда қатты таң қалдық. Біз бұл кезекті ұзақ күттік. Енді балаларымыз өз үйімізден сабаққа, балабақшаға барады. Қазір өңім бе, түсім бе білмей тұрмын, — дейді көпбалалы ана қуанышын жасыра алмай.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ