Баннер 9 мая от газеты Атырау

Жанды жылытып, жүрекке қуаныш сыйлайтын мереке

img 20240314 wa0263 Жаңалықтар

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің орталық алаңында Амал мерекесіндегі Көрісу күні ерекше жағдайда аталып өтілді. Зауыт жұмысшылары бір-бірін көктем айының келуімен құттықтап, ізгі тілектерін айтып, алдыңғы аға буынға құрмет көрсетті.

Наурыз мейрамы Атырау мұнай өңдеу зауытында бұрыннан кең көлемде, жоғары деңгейде тойланып келеді. Зауыт жұмысшылары екі үлкен киіз үй тігіп, дастарханды тәттілермен көмкеріп, сахна құрастырды. Ардагерлерге арналған орындықтарды жайғастырып, шаңырақ тәріздес шеңбер құрып, бір-бірімен қол алысып жатты. Ақсақалдар ақжарма тілегін айтып, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Махамбет атындағы академиялық драма театрының әртістері қонақ ретінде шақырылып, «Амал мерекесі» спектаклін сахналады. Сахналық киім киген өнерпаздар мұнайшыларға сәлем беріп, баталарын алды. Содан соң «АМӨЗ» ЖШС бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәлімжан Нақпаев құттықтау сөз сөйледі.

– Бір-бірімізге «Бір жасыңызбен!» деп құттықтау айтып жатамыз. Бұл сөздің төркінінде қыстан аман шығып, көптен күткен көктемді бірге қарсы алып жатқанымызға қуаныштан туған ізгі тілек жатыр. Бір жағынан алдыңғы аға ұрпаққа деген құрметімізді білдіреміз. Қазақ халқы үшін көктем мерекесінің мәні ерекше. Оның артында біз сырын ұғып білмейтін терең мағына да жатуы мүмкін. Құрметті зауыт қызметкерлері, сіздерді жаңару мерекесімен құттықтаймын. Баршаңызға денсаулық, амандық тілеймін, – деді Сәлімжан Жұмашұлы.

Сонымен қатар, кәсіподақ комитетінің төрағасы, зауыт ардагері Ғалымжан Амантурлин зауыттықтарды құттықтап, Амал мен Көрісу жаңарудың, ізгілікке толы мереке екенін атап өтті.

– Қазақстан халқы Наурыз мейрамын және оған дейінгі көктемгі мерекелердің барлығын ерекше ықыласпен тойлайды, өйткені табиғат оянады, яғни жаңару уақыты келеді. Бұл күн отбасымен және достармен кездесуге, олардың бір-біріне жақсы сөздер айтуға үлкен себеп, – деді Ғ.Амантурлин.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарлама мен көңілді ойындарға ұласты. Бұл күні зауыт жұмысшылары өте белсенді болып, ән шырқап, би де биледі.

Алдағы уақытта зауыт ұжымы ардагерлермен, жас мамандармен кездесулер өткізіліп, зауыт жұмысшылары үшін қайырымдылық шаралары өтеді деп күтілуде.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз