Жаңалықтар

Атырауда №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ойын бөлмесі ашылды

Жуырда Атырау қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше балаларға арналған қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, балаларға базарлық жасалды.

​Бұл күні «Болашақ-Атырау» компаниясының қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, құрал-жабдықтармен жасақталған «Күншуақ» ойын бөлмесі салтанатты түрде ашылды.

​Балаларға арналған ойын бөлмесі шкафтар, үстелдер, жұмсақ жиһаздар, логикалық, дидактикалық көрнекі құралдар, кілемдер, жапқыштар, техникалық құралдар мен музыкалық аппараттармен жабдықталған.

​– Қайырымдылық іс-шараның осы орталықта өтуі бекер емес. Мұндағы қызметкерлер күні бойына балаларға қамқорлық танытып, оларды өмірге бейімдейді. Сол үшін де сіздерге зор алғыс білдіремін. Атырауда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан компания орталықтағы балалар бөлмесіне толықтай жөндеу жұмыстарын жасап, жылыту жүйесін жүргізді, – деді компанияның басқарушы директоры Куинтин Голди.

​Қайырымдылық іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Эльчин Маммадов орталық ұжымына алғысын білдіріп, жиһаз жабдықтарының сертификатын табыстады.

​Шара барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов, Әзірбайжан Республикасының «Новруз» этномәдени орталығының өкілдері қатысып, игі тілектерін білдірді.

Мерекелік  шара соңында ерекше балалардың қатысуымен «Жүректен жүрекке» сурет көрмесі, «Флешмоб», «Кім епті» эстафеталық ойындары ұйымдастырылып, «Алғысым шексіз сіздерге» атты мерекелік сазды бағдарламаға жалғасты.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button