Атырау және Астрахань аймақтарының басшылары келісімге келді
Atr.kz/8 қараша, 2019 жыл. Өзара ынтымақтастық жөніндегі келісім мақсаты – туризм және Құрманғазы атындағы орталықты дамыту.
Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастығы форумы аясында Нұрлан Ноғаев пен Игорь Бабушкин келіссөздер жүргізді,-деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Шекаралық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері» атты Ресей мен Қазақстанның ХVI өңіраралық ынтымақтастық форумы Омбыда өтіп жатыр. Форумды ұйымдастырушылар – Ресейдің Экономикалық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Росконгресс қорының қолдауымен.
Форум аясында екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығы тақырыбында өткен дөңгелек үстелдің барысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин бірқатар мәселелерді талқылады.
Бұдан бөлек, екі облыс арасындағы өзара жолаушылар ағынын ұлғайту мақсатында 2019 жылғы сәуірде «Qazaq Air» әуе компаниясы Атырау-Астрахань маршруты бойынша әуе рейсін іске қосты. 2019 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Атырау-Астрахань-Атырау маршруты бойынша жолаушылар ағыны 2 249 адамды құрады. Қазір маршрутты өзектендіруге байланысты ұшулар уақытша тоқтатылған.
Игорь Бабушкиннің айтуынша, бүгін екі шекаралас облыстың өзара тиімді ынтымақтастығын түрлі салаларда дамытуға мүмкіндік бар.
— Қазір, Астрахань – Атырау – Ақтөбе трассасының қайта құрылуына байланысты біздер логистикалық орталық құру мүмкіндігін қарастыра аламыз. Атырау облысының шекара маңының тұрғындарына медициналық қызмет көрсете аламыз. Мәдениет, білім беру, туризм салаларында тамаша мүмкіндіктер бар. Кеме қатынасын және кеме жасау саласын дамыту қажет,- деп Астрахань облысының губернаторы қазақстандық тарапқа ұсыныстар берді.
Өз кезегінде Нұрлан Ноғаев шекара маңы ынтымақтастығына дайын екендігін білдірді.
— Жаңа халықаралық жобаларды жасақтау, түрлі салалардағы коллаборация идеяларын әрдайым қолдаймыз. Сіз ұсынған идеялардың барлығы негізді. Кеме жасау саласын ғана республикалық деңгейде қарастыру қажет, ал, басқа жобалардың барлығын өңірлік деңгейде жүзеге асыруға болады.
Сондай-ақ, Астрахань облысындағы Құрманғазы атындағы мәдени орталықты қаржыландыру мәселесін шешуді сұраймын,- деді Нұрлан Ноғаев губернаторға.
Өз кезегінде ресейлік тарап қазақстандық тараптың барлық ұсыныстарын қарап, шекара маңы ынтымақтастығы саласында нақты қадамдар жасауға уәде берді.
Айта кетейік, ресейлік-қазақстандық өңіраралық форумы екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың, екі мемлекеттің билік және бизнес өкілдерінің іскерлік байланыстарын әртараптандырудың тиімді құралы болып табылады.