Жарнама
Жаңалықтар

«Atyrau Youth Hackathon»: Жастар инновациялық идеялар ұсынды

Бүгін Atyrau Hub алаңында өткен «Atyrau Youth Hackathon» инновациялық идеялар конкурсы өз мәресіне жетті. Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған бұл хакатон екі күн бойы жастарды білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешуге жұмылдырды.

9bab1056 17cc 406d bc68 d7aa31709b9f


Шараға аймақтың 14-35 жас аралығындағы белсенді жастары, IT саласының мамандары мен стартап идея иелері қатысып, команда құрамында мобильді қосымшалар әзірледі. Әр жоба нақты бір мәселені шешуге бағытталып, тиімділігі мен қолдану әлеуеті сарапшылар алдында қорғалды.
Хакатон төрт кезеңге бөлініп, қатысушылар идеяны ұсынудан бастап оны пысықтап, соңғы презентацияға дейін жеткізді. Қазылар алқасы жобаларды жаңашылдығы, жүзеге асыру мүмкіндігі және әлеуметтік маңыздылығы бойынша бағалады.
Шара барысында Astana Hub орталығы директорының кеңесшісі Данабек Калиаждаров «Disrupt» тақырыбында шеберлік сабағын өткізіп, стартап экожүйесіндегі трендтерді түсіндірді. Сондай-ақ IT-ағартушы, Бостон университетінің магистрі Тимур Бектұр Canvas әдісін қолданудың тиімді тәсілдерін үйретті.
Жеңімпаз командалар 1,5 миллион теңге көлеміндегі жүлде қорымен марапатталды. Қатысушылар білім саласындағы мәселені шешетін жобаларды қорғап, кәсіби мамандар үздіктерін таңдады. Нәтижесінде I орынға «Default Team» командасы лайықты деп танылып, 700 мың теңгені олжалады. Үздік команданың жұмысы оқушының, студенттің білім алу процесін жеңілдетеді. «Біз екі күн ішінде республикалық деңгейдегі кәсіби менторлардың жетекшілігімен топтық жұмыс жасап, өз жобамызды әзірлеп, қорғауға мүмкіндік алдық» дейді жеңімпаз команда.
Ал II орын алған «Білім» командасы 500 мың теңге, III орын иегері «Манго» командасы 300 мың теңге жүлдеге ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік жобалар алдағы уақытта әрі қарай дамытылып, нақты өнімге айналуы мүмкін.
-Алғашқы хакатон «Білім» тақырыбына арналды. 15 сәуір мен 1 мамыр аралығында өткен тіркеу науқанына 105 жас өтінім беріп, олардың ішінен 52 қатысушы (13 команда) іріктеліп алынды. Бұл хакатонның негізгі мақсаты – өңіріміздегі өзекті мәселелерді жастардың көзқарасымен шешу және жастар арасындағы стартап-мәдениетті дамыту. «Білім» бағыты бойынша 3 кейс ұсынылды. Қатысушылар осы кейстерге сәйкес өз шешімдерін әзірлеп, қорғап шықты, — деді ұйымдастырушы, «Ақ сұңқар» ҚҚ жетекшісі Ләззат Нұрқызы.
«Atyrau Youth Hackathon» – жастардың шығармашылығын, технологияны қолдану дағдыларын және командалық жұмыс қабілетін дамытуға үлкен серпін берген алаң болды.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button