Әділ Ғалиахметов: Әр ойын сайын шеберлігім шыңдала түседі

220209190000332e Жаңалықтар

Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға қатысып жатқан қазақстандық шорт-трекші Әділ Ғалиахметов баспасөз мәслихатын өткізіп, сұрақтарға жауап берді.

23 жастағы Ә.Ғалиахметов ересектер арасындағы Олимпиадаға алғаш рет қатысып, бірінші мүмкіндігінде-ақ финалға жолдама алды. Кеше ол шорт-тректен 1500 метрге жүгіріп, 8-орынға табан тіреді. Ертең спортшы 500 метрлік жүгіру жарысына қатысады.

«Соңғы жылдары үлкен еңбек атқардық. Біздің Қазақстанда шорт-трек дамып жатқанын көрсеттік. Барлық жанкүйерлерге алғыс айтамын. Әлі де Инстаграмда, әлеуметтік желілерде барлығы жазып, құттықтап жатыр. Кеше бәрін эмоциямен айтып тастаған соң қазір айта қояр жаңалығым жоқ. Ертең бізде 500 метрлік жарыс болады, соған дайындалып жатырмыз», – деді Ә.Ғалиахметов ZOOM-конференциясында.

Сонымен бірге, спортшы әлі де тәжірибе жинақтау керегін айтты.

«Менің тәжірибем жетпей қалды деп ойлаймын, өйткені шорт-тректің өз ерекшеліктері бар. Қарсыластар басып озғанда үлкен жылдамдықпен өте шығады. Оған іліну үшін өзіңе де жылдамдықты арттырып, сәл шетке шығу керек. Бәлкім осыны жасауға тәжірибем жетпеген шығар, енді жылдамдық арттырайын десем, мені басып озып кеткендер көп болды. Бәрі өз кезегімен және әр ойын сайын шеберлігім шыңдала түседі», – деді спортшы.

Әділ Ғалиахметов 500 метрлік жарыста Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев сынды өте жылдам балалар бар екенін айтты.

«Олар кеше финалда болған спортшылардан талай озған. Бүгін жаттығу кезінде көреміз, соңғы жаттығуымызды жасап, өзіміздің қандай формада екенімізді тексереміз және нәтижесін ертең көрсетеміз деп ойлаймын», – деді Ә. Ғалиахметов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз