Атырау университеті VII халықаралық «Каспий ойындарында» чемпион атанды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері Ресейдің Астрахан қаласында өткен VII халықаралық «Каспий ойындары» универсиадасында командалық есеп бойынша бірінші орынға ие болды. Жарысқа Каспий маңы мемлекеттерінің 14 жоғары оқу орнынан 700-ден астам студент қатысты.
Атырау университетінің жеңісіне жеңіл атлетика, самбо, шахмат және дойбыдан алған жоғары көрсеткіштер себеп болды. Жеңіл атлетикада Гүлхан Шыңғысхан 800 метр қашықтықта алтын, ал 1500 және 3000 метр қашықтықта күміс медальға қол жеткізсе, Әлфия Мұхиденова 3000 метрге жүгіруден қола медаль алды.
Самбодан да университет спортшылары үздік нәтиже көрсетті: Нариман Мұхан (58 кг), Қазбек Аңсаған (64 кг) және Бекбол Мұқашев (88 кг) өз салмақ дәрежелерінде алтын медальға ие болды. Ал Дінмұхаммед Қилымов (71 кг) күміс, Дінмұханбет Шаменов (71 кг) қола медаль иеленді.
Сонымен қатар, шахмат пен дойбыдан да Атырау университетінің студенттері көш бастады. Жанель Әдиет пен Бекарыс Жұмалиев дойбыдан, ал Нұрбек Хайрошев шахматтан чемпион атанды.
Атырау университетінің баскетбол және футбол командалары да топ жарып, жалпы командалық есепте бірінші орын алды.