Атырауда 1848 дана жаңа жарық диодты шамдарды пайдалануға берілді

hjui Жаңалықтар

Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік комммуникациялар қызметі.

Қазіргі уақытта Атырау қаласы бойынша 675 көшеде 25 874 дана жарық шамы жұмыс істейді. Оның ішінде 186 көшедегі 9467 дана коммуналдық басқарудағы, қалған 485 көшедегі 16407 дана жарық шамы «орталықтандырылған диспетчерлік пункт» арқылы басқарылады.

Осы жылдың соңына дейін қала бойынша 72 көшеге 1848 дана, 2023 жылы 298 көшеге 7163 дана жаңа жарық диодты шамдарды пайдалануға беру жоспарланды. Ал Махамбет ауданы бойынша Ақтоғай, Есбол, Еңбекшіл, Ортақшыл ауылдарын, Махамбет және Сарытоғай ауылының жаңа мөлтек аудандарына көше жарығын жүргізу жоспарлануда.

Индер ауданы бойынша Есбол ауылындағы кірме, көше жарығын күрделі жөндеу жұмыстарын келер жылы аяқтау жоспарлануда. Көктоғай ауылының 5 көшесіне, Бөдене ауылы Далабаев көшесі және кірме жолын жарықтандыруға, Өрлік ауылының кірме жолын жарықтандыруға жарық шамдарын орнату үшін жобалық-сметалық құжаты жасақталды. Мұнда да құрылыс жұмыстарын 2023 жылы жүргізіледі деп күтілуде.

Ал Қызылқоға ауданының Жасқайрат, Қоныстану мен Жангелдин ауылдарында кірме жолды жарықтандыру құрылысы пайдалануға берілді. Биыл Сағыз ауылының электр желілерінің құрылысы бойынша көше жарығы шамдары және Тасшағыл ауылының кірме жолын жарықтандыру құрылысы аяқталды. Жаңа жобалар жасақталып жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады,– деді Қ.Нұртаев.

Айта кетейік, облыс бойынша 14 мың шақырымға жуық электр желілері бар. Тозу деңгейі 40 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда теміржол желісіне жақын орналасқан ЭЧ-4 мекемесіне қарасты тозығы жеткен электр желілерін толықтай ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Атырау қаласының Береке, Сарыөзек елді мекендерін үздіксіз электр желісімен қамту үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Самал, Нұрсая мөлтек аудандарын тұрақты электр желісімен қамту үшін қуаттылығы 16 Квт құрайтын «Самал» жаңа қосалқы станса жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда, ал Сағыз ауылының 1-ші және 2-ші ауылдарын электрмен қамту үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз