Жарнама
Жаңалықтар

Атырау туризмге сұранып тұр…

Біздің өлке тек «қара алтын» мен «қызыл балықтың» отаны ғана емес. Мұнда таңғажайып тарихи және табиғи орындар да жетерлік. Мәселен, Махамбет ауданында Сарайшық қаласы орта ғасырдан сыр шертсе, Жылыойда Иманқара үңгірі, Ақкегершін бор тауы мен Ақмешіт қорымы құпиясын ішіне сақтап тұр. Ал, Аралтөбеден «алтын адам» қол бұлғап тұрғандай. Сол сияқты, Қиғаш өзені бойындағы қайталанбас лотос гүлдері қараған көздің жауын алады. Сондай-ақ, Индердегі Тұздыкөлдің қасиетті қара балшығы талай жанды ауруынан айықтырғаны белгілі. Тек бір өкініштісі, аталған аумақтарға барып-келу оңайға түспей тұр… 

Тағы бір мәселе, ортағасырлық қаланың орнын ертең су шайып кету қаупі төніп тұр. Сол сияқты, Атырау десе, Исатай мен Махамбеттің аттары ауызға түседі емес пе? Ал, сол Махамбеттің мәңгілік мекені Қаройға апарар жолдың болмағаны өзекті өртейді. Ауыз толтырып айтар керемет кесене салынған екен, ендеше, соған жеткізер жол неге жоқ? Иә, азаттық үшін арпалысқан Махамбеттің ерлігін туристерге тек орталық алаңда ғана айтудан басқа амал жоқ. Өйткені, оның кесенесін көру үшін жол азабын тартуға тура келеді.

Үшіншіден, туристер тек тарихи немесе табиғи нысанды көріп кету үшін ғана келмейді ғой. Біреулер бірнеше күнге тұрақтап, рухани ләззат пен шығармашылық шабыт алғысы келеді. Тағы бірі табиғат аясында тыныстап, демалуды қалайды. Бұл үшін қолайлы жағдай жасалса, нұр үстіне нұр.

Әдетте, туроператорларға «неше турист әкеле аласыздар?» деген сұрақ қойылып жатады. Егер неғұрлым көбірек болса, соғұрлым жағдай жасалмақшы ғой. Бірақ, бүгінде жоқтан бар жасап отырған қазіргі сала жанашырларының еңбегі көзсіз ерлікпен тең емес пе? Ендеше, қанша туристің тартылуы маңызды емес. Керісінше, Атырауды көруге алыстан аптығып жеткен бір жан болса, соған бар жағдайды жасаған жөн секілді. Себебі, ол бұл жерде көргенін ертең еліне айтып барады. Сөйтіп, жанына жолдастарын ертіп, қайтып оралады. Демек, бұл жерде стартегиялық ойлау да аса маңызды. Уақыттың өзі бізге бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге болмайтынын, болашаққа да бет бұру қажеттігін көрсетіп отыр.

Қазақ десек, өзімізге тиеді ғой. Жасыратын несі бар, несие алса да тойға ақша табатын біздің халық саяхаттауға селқос қарайды. Аймақтың географиялық ерекшелігі де – туризмді дамытуға кедергі. Яғни, Атыраудың ми қайнатқан ыстығы мен қаһарлы қысы тұрақты саяхатқа қолайсыз. Ал, климаты жұмсақ оңтүстік өңірлерде туризм біздікіндей маусымдық сипат алмаған. Бірақ, бұл сапалы туристік қызмет көрсетуге кедергі емес. Ендеше, туризмге сұраныс төмендемей тұрғанда, жол мен инфрақұрылым жүйесін жөнге келтіріп алған дұрыс-ақ.

Гүлмира Ықсан, жергілікті туроператор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button