Атырау су тасқынының шарықтау шегінен өтті
Атырау облысы бойынша қазір Индер және Махамбет аудандарында, сондай-ақ Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі байқалып отыр, — деп хабарлайды Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы.
Облыстық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Руслан Шариевтің айтуынша, аймақ су тасқынының шарықтау шегінен өтті.
–Қазір біз су тасқынының шарықтау шегіне жеттік, Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеуде. Су деңгейін қазір Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында күнделікті бақылап отырмыз. Сонымен қатар, Жайықтан тасыған су жыраларға жайылып, көп аумақты су басуына байланысты, шаруа қожалықтарына қауіп төнді. Шаруа қожалықтарының иелерінен апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша «жедел желіге» келіп түскен барлық қоңыраулар жедел өңделуде, — деді Руслан Шариев.
Қазір су басқан аймақта қалған үй жануарларын эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде.
–Бүгінде облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарды су басып жатқан жағдайлар тіркелуде. Су деңгейі төмендегеннен кейін, жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Әзірге судың қауіпсіздігі туралы айтуға әлі ерте. Инфрақұрылым нысандары толықтай қалпына келтіріліп, барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана судың қауіпсіздігі туралы айтуға болады, — деді спикер.
Айта кету керек, Индер ауданында су деңгейі шектік деңгейден 50 сантиметрге, Махамбет ауданында 1 метрге, Атырау қаласында 27 сантиметрге асты.
Суретті түсірген Алмас ҚАБДОЛОВ