amandyk abdulov 52 scaled

«Түбінде баянды еңбек егін салған…»

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/11 наурыз, 2020 жыл. Ұлы Абайдың бұл өлең жолдары қалай орнымен айтылған десеңізші. Кей азаматтарымыз «мемлекеттік қызмет» деген ұғымды кеңседе отырып алып, құжатқа қол қойып, есеп тапсыру деп түсінеді. Бұл – қате пікір. Халық үшін еңбек ету оңай шаруа емес екені бесенеден белгілі. Олай болса, бұл өз алдына кәсіби шеберлік пен кейде тіпті шығармашылық шабытты да қажет етеді.

Осы орайда ойыма бір жайт оралып отыр. Бұл туралы «көгілдір экраннан» көрген едім. Алыстағы ауылдың білдей бір әкімі өзінің орынбасарына кезекті тапсырма жүктейді. Онысын ойдағыдай орындаған соң, тағы бір мәселені шешуді тапсырады. Сөйтіп жүргенде бір жыл өтеді. Арадағы уақыт ішінде әлгі орынбасар басшысының бүкіл жұмысын жасап шығады.

Жыл соңында орталыққа аяқтай барып есеп беру керек болады. Сол кезде басшылық тарапынан қойылған сұрақтарға орынбасар ғана жауап береді. Жап-жас жігіттің білім-білігіне қайран қалған басшылар дереу екі қызметкердің орындарын ауыстырады. Осылайша, орынбасар бір сәтте басшы болады.

Бұл мыңдаған мысалдардың тек бірі ғана. Мұнымен не айтқым келеді? «Еңбек етсең емерсің» дейді халық даналығы. «Не ексең, соны орарсың» деген нақыл тағы бар. Демек, еңбек пен әділет бәрін де жеңбек. Яғни, қоғамға құр қызмет қылып қана қоймай, сол қызметтің пайдасын да пайымдай білу керек.

Мемлекеттік қызметшінің мерейін өсіретін басты нәрсе, бұл мансап емес, кәсіби шеберлік. Мәселен, белгілі бір кәсіп ретінде киім тігуді алсақ, кез келген адам тиек қадай білсе де, толыққанды көйлектің өзін дайындап шыға алмайды. Бұл үшін ксәіби шеберлік, шалқар шабыт, теңдессіз тәжірибе мен дағды қажет болады. Міне, мемлекеттік қызметке де сондай көзқараспен қараған дұрыс. Яғни, мемлекет үшін еңбек ету де екінің біріне бұйырмаған қасиетті қызмет деп түсінген абзал.

Әрине, кәсіп туралы сөз еткенде, одан шығатын өнім – жасалған жұмыстың жалғыз жемісі болып табылады. Сол секілді, мемлекеттік қызметкердің алдына келген азаматтың бір мәселесі шешілсе немесе әкімнің қабылдауында болғандардың біреуі сұрағына нақты жауап алса, есіл еңбектің өтеуі де сол болмақ. Демек, ел үшін елеңдей отырып, соның нәсібін де көруге болады деген сөз.

Турасын айтқанда, жыл сайын, тіпті, күн сайын десе де болады, мемлекеттік қызметкердің кәсіби деңгейіне деген талап күшеймесе, азаяр емес. Бұл бағытта небір жаңа заңдар қабылданып, түрлі ұсыныстар талқыға түсіп жатыр. Соның ішінде, соңғы кезде көптің көңілінен шығып жүргені басшылық қызметтегі тұлғалардың халық алдындағы есебін әлеуметтік желі арқылы беруі.

Жасыратын несі бар, қазір жылт еткен жаңалық ресми ақпарат көздерінен бұрын әлеуметтік желіде жарияланып отырады. Бұл – қоғамда қалыптасып қалған қазіргі жағдай. Одан енді ешқайда қашып құтыла алмайсың.

Бір «әттеген-айы» сол, әлеуметтік желіге жүктелген мәліметтің өтірік не рас екенін ешкім білмейді. Біреу сенеді, біреу сенбейді. Ақиқаттың аражігін ажыратып алу мақсатында бүгінде аудан мен ауыл әкімдері әлеуметтік парақшаларға тіркеліп, сол арқылы тікелей көрсетілімге шығып, халықтың сауалына жауап беріп жатыр.

Аймақ пен қала әкімдері де «телеграм» қосымшасына келіп түскен хаттарға дер кезінде жауап беруде. Алдымен таңдай қақтырған техниканың, содан соң бұқарамен бірлесе отырып жұмыс жасауға ниетті мемлекеттік қызметкерлердің өсу мен өркендеуге деген талпынысы құптауға тұрарлық.

  Рас, бәзбіреулер «жұртпен бұлай жақындасу басшының беделін кемітеді» деген пікірді де айтып жүр. Ондағысы, «сублимация сақталмаса, басшының сөзіне ешкім құлақ аспайтын болады» дегені ғой. Бұл да сол басшының тікелей өзіне байланысты. Керісінше, халықпен бетпе-бет кездесіп, мұқтаждың мұңын тыңдай алмаған лауазымды тұлғаны кім сыйлайды, сенеді?! Мұны да ескеріп жүрген артық етпейді.

Биыл мерейтойы ел көлемінде аталып жатқан Абай хакімнің «ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген тамаша бір сөзі бар. Мемлекеттік қызмет табыс табудың немесе мансап қуудың жолы емес. Бұл екеуі – екі бөлек дүние. Себебі, өзінің уақытын ұрлап, біреудің бақытын ойлаған жан ешқашан ешкімнің ала жібін аттамайды. Ал, адал еңбек иелері қашан да зор құрмет пен мол марапатқа лайықты.

dsc04438

Еңбек ер атандырады

Адам баласының дүниеге келуінің негізгі себептерінің бірі – еңбек етіп, тәтті жемісін тату. Ал, сәт сайын жаңарып оытрған бүгінгі қоғамда қызметтің сан түрі бар. Ішінде екшеп, ерекшелеп алары болады. Міне, солардың бірі – мемлекеттік қызмет. Неге дейсіздер ғой? О баста адамзат өз өзіне ғана қызмет қылды. Аурудан арашалап алар дәрігер де, құқық қорғар заңгер де, тәртіп түзетер полицей де, тыныштық сақтар сақшы да, басқасы да қажеттіліктен туған кәсіп иелері.

Ендеше, мемлекеттік қызметкер де адам өмірін жеңілдетуге бар күш-жігерін салатын бірден-бір маман деп білген жөн. Ол өзінен бұрын өзгенің жағдайына алдымен алаңдап отырады. Қажет деп тапса түн ұйқысын төрт бөлетін де өзі. Өйтпегенде ше? Еңбек тәртібінде егжей-тегжейлі көрсетілген ереже тек жұмыс бөлмесінеде ғана билік жүргізеді десеңіз, қателескеніңіз. Себебі, мемлекеттік қызмет әдеттегідей сегіз сағатқа сыя бермейді. Кеңседе қаралып үлгермеген құжат-қағаздар үйде қаралып бітеді. Өйткені, бұл – қауырт қызмет болғандықтан ешқандай уақыт күттірмейді.

Екіншіден, мұндай жұмыстың жауапкершілік жүгі де ауыр. Мәселен, басқа жұмыстағыдай жеке адамға жүктелген жұмысты ұжым болып атқарысуға мүмкіндік бола бермейді. Жауапкершілік тікелей қызметкердің тура өзінен сұралады. Ал, ол өз кезегінде әуелде қойылған талап үдесінен шыға білуі тиіс. Мұнда «мүмкін», «бәлкім», «солай шығар», «уақыт көрсетеді» деген ұғымдар мүлде қолданылмайды.

Мойныңа жүктелген міндетті ойдағыдай орындайсың не қызмет ауыстырасың. Үшінші нұсқасы жоқ. Егер өзіңе сеніп тапсырылған бір тапсырмаға немқұрайлы қарайтын болсаң, онда басқасына да бас ауыртпайсың деген сөз. Сондықтан, мемлекеттік қызметші болудан бұрын барлық мақсат-міндеттерді астын сызып айқындап алу қажет.

Үшіншіден, халыққа қызмет – қашан да мерейлі міндет екенін де естен шығармаған абзал. Бұл еңбек жалақымен емес, ел азаматтарының тұрмыс-тіршілігімен, ақсақал аталарымыз бен ақжаулықты аналарымыздың алғаусыз алғысымен, балалардың баянды болашағымен бағаланады, жастардың жалын-жігерімен, мамандардың кәсіби шеберлігімен өлшенеді. Жалақысы мардымсыз екен деп жұмыстан бас тартып жататын жандар да жоқ емес. Бір жағынан, бұл да дұрыс болар. Қалай болғанда да, қайнаған еңбек қазанынан өз орныңызды тапқанға не жетсін?!

Мемлекеттік қызмет көзді жұмып қойып таңдай салатын мамандық емес. Бұл ретте, екі шоқып бір қарамаса болмайды. Бір ғана құжаттан шаң тозаңындай қателік кетсе, оның орнын толтыру қиынға соғады. Әсіресе, әлеуметтік маңызы зор бағдарламалардың орындалысына келгенде, мәселе күрделене түседі. «Салғырттық сан соқтырады» демекші, бір қызметкердің жауапсыздығы бүкіл бағдарламаның күйреуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, мейлінше сақтанып, қандай шешімді де мың рет өлшеп, бір рет кесіп барып қабылдау қажет.

Сайып келгенде, мемлекеттік қызметкер болу, бұл – зор мақтаныш, мол мәртебе. Екінің бірі көп көңілінен шыға бермейді. Тек өз ісіне басымен берілген жан ғана халықтың шын алғысына бөленеді. Осы орайда, аталған мамандық иелеріне осынау қиындығы мен қызығы қатар өрбіген абыройлы қызметті адал атқарып, барлық мақсат-мұраттарына жеткей деп тілек білдіремін. Қазір құбылмалы заманда өмір сүріп жатырмыз.

Дүние жүзінің әр түкпірінде әрқалай оқиғалар орын алып жатыр. Мұны күнделікті газет-журналдар мен «көк жәшіктен» біліп отырмыз. Ақшаға бола адам басын қатерге тігіп жүрген елдер де бар. Солармен салыстырғанда, шүкір, біздің елде бейбітшілік те, бірлік те бар. Ал, бірлік пен береке бірге жүретіні белгілі ғой. Осыны тоқшылық кезде естен шығарып алмауымыз керек. Төрт құбыламыз түгел, күніміз – ырыс, түніміз тыныш. Бұл байлықтан артық ештеңе де керек емес.

P.S.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Осы жақсылықтардың артында мемлекеттік қызметшілердің уақытпен санаспай, ешкіммен таласпай атқарған ерен еңбегі, маңдайдан төгілген тері жатыр… Ендеше, қазірден «мемлекет мен үшін не істеді?» демей, «мен мемлекетке не бердім?» деп ойлану қажет. Осылай ойлаған азаматтан мықты мемлекеттік қызметші шығатындығына сенім мол.

Нұрғиса САРСЕНҒАЛИ

apek 9

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған