Атырау қаласында «Жүректен жүрекке» атты әлеуметтік-қайырымдылық дүкені ашылды

ooon Жаңалықтар

Атырауда Теңізшевройл компаниясының қолдауымен «Теңіз жүрегі» жобасының аясында «Жүректен жүрекке» атты әлеуметтік-қайырымдылық дүкені ашылды. Бұл туралы «Теңіз жүрегі» жобасының менеджері Рысты Жексенбаева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Дүкен әлеуметтік осал жандарға көмек көрсету мақсатында ашылған. Мұнда көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар киім-кешек пен тұрмыстық заттарды тегін ала алады. Дүкенде балалардың да, ересектердің де киім-кешегі бар. Тұрмыстық заттарды да табуға болады. Тұрғындар өзіне қажет болмай қалған, бірақ пайдаға асатын заттарын осында әкеліп тапсырады. «Байзар», «Ардагер», «Рауан» сынды т.б ірі сауда орталықтарында да арнайы жәшіктер қойылған.

– Жалпы дүкенді «халықтың дүкені» деп атаймыз. Өйткені ашылғаннан бастап онда көптеген еріктілер көмекке келді. Соның ішінде «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының, «Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері және «Atyrau friends» қоғамдастығының мүшелері барлығы атсалысып, бір үлкен, әдемі дүние жасадық деп айтуға болады. Жобаны бастауға түрткі болған мәселе көп. Соның ішінде «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры осы 10 жылдың ішінде көптеген әлеуметтік осал жандарға көмектесті. Сондай-ақ, нақтырақ айтатын болсақ азық-түлік корзинасын дайындау, балаларды әртүрлі елге емге жіберу сияқты қайырымдылық шараларын өткізді. Содан кейін бізге де халыққа пайдасы тиер дүние ойлап табу туралы ой келді. Осы тұста мұқтаж жандар керек деген киімдерді аралап, өздері таңдап алу мақсатында «Жүректен жүрекке» атты әлеуметтік-қайырымдылық дүкенін аштық, – деді Р.Жексенбаева.

Оның айтуынша, егер қаламызда көпбалалы отбасыға жататын жандар болса, әр баланың туу туралы куәліктерімен, сонымен қатар асыраушысынан айырылғандығын растайтын құжаты болса, аталған дүкенге барып, қалаған киімін ала алады. «Жүректен жүрекке» атты дүкеннің мекенжайы Атырау қаласы, Нұрсая ықшам ауданы, 57 үй. Жұмыс уақыты сағат 10:00-19:00 аралығы. Әр дүйсенбі демалыс.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз