Атырау қаласында биыл тоғыз балабақша пайдалануға берілмек
Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Садуахасова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысында 42 895 баланы қамтитын 319 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 252 мемлекеттік, 67 жеке меншік. Аталған мекемелердің 151-і балабақша, 101-і шағын орталық. Олардағы балалар саны – 38 884.
Ал, жекеменшік мектепке дейінгі ұйым саны 67, оның ішінде 58 балабақша, 9 шағын орталық бар. Контингент 4011 баланы құрайды.
-Кезектілікті толық жою мақсатында облыс бойынша 2025 жылға дейін жалпы 56 мектепке дейінгі білім беру ұйымын пайдалануға беру жоспарлануда. Ал қазіргі уақытта қала бойынша жалпы сыйымдылығы 2610 орындық 9 балабақша құрылысы аяқталып, құжаттары жасақталуда. Олар Атырау қаласындағы Самал, Береке, батыс Береке, Ақжар-2, Еркінқала-2 шағын ауданындарындағы және Әбілқайырхан 72А, Байтұрсынов 80, Белинский 21, Бейбарыс 485 мекенжайларындағы 290 орындық балабақшалар. Құжаттары дайын болғасын пайдалануға береміз,- деді Г.Садуақасова.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша балабақшалармен қамту 82%, мектеп алды даярлық бойынша – 100% құрады.