
Атырау қаласын тазарту жұмысына 40-қа жуық арнайы техника жұмылдырылды
Қаланы еріген қар мен жаңбыр суынан тазарту жұмыстарына 40-қа жуық арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5-6 ақпан күндері жауған жауын-шашынның мөлшері бір айлық мөлшерден көп болуы (13 мм) уақытша қолайсыздықтар туғызуда. Осыған орай, қаланы еріген қар және жаңбыр суынан тазарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.

Тазарту жұмыстарына жұмылдырылған 40-қа жуық арнайы техника бірінші кезекте қаладағы әлеуметтік нысандардың айналасы мен ірі көлемде су жиналған көше бойларын судан тазартуда. Қазіргі таңда 2450 тонна су сорылды.

“Атырау облысы әкімдігінің 109 бірыңғай байланыс орталығына 5-6 ақпан күндері қаланы жауын суынан тазалау бойынша 72 мекен-жайдан 234 қоңырау қабылданды.
Мәселеге қатысты өтінімдер 109 бірыңғай байланыс нөмірі және әлеуметтік желі парақшаларымыз арқылы қабылданады”, деп жазылған хабарламада.
Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев