
Атырау өңірінің ғылымы мен зиялы қауымы ауыр қазаға душар болды
«Парасат» орденінің иегері, белгілі гидрогеолог, бірнеше өнертабыстардың авторы, облыстағы алғашқы жеке кәсіпкерлердің бірі, қоғам белсендісі және газет жанашырларының бірі Сабуров Едіге Сабырұлы жетпіс алты жастан асқан шағында кенеттен дүние салды.
Едіге Сабуров 1949 жылы 28 сәуірде туған. Білімі – жоғары, 1978 жылы Қарағанды политехникалық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген. 1966-1979 ж.ж. – «Гурьевнефтегазгеология» өндірістік бірлестігінің моторист-слесарьдің көмекшісі, бірлестіктің комсомол комитетінің хатшысы, 1979-1984 ж.ж. – Гурьев политехникумының оқытушысы, 1984-1987 ж.ж. – Гурьев гидрогеологиялық экспедициясы далалық экспедиция басшысының орынбасары, 1987-1992 ж.ж. – халық депутаттары Қайыршақты селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1992-1993 ж.ж. – «Теңдік» көкөніс-сүт кеңшарының директоры, 1993-1995 ж.ж. – жеке кәсіпкер.
1995 жылдан – «Атыраугидрогелогия» ЖШС вице-президенті, президенті, Директорлар кеңесінің төрағасы, «Атыраугидрогеология» ЖШС президентінің жаңа технологияларды енгізу бойынша ғылыми кеңесшісі.
1984 жылы «Казгидрогеология» бірлестігінің демеушілігімен Томарлы ауылынан «гидрогеологтар ауылын» құрып, Томарлы-Геолог автокөлік жолын асфальттауға басшылық еткен. Ауылда жұмысшыларға арналған алғашқы алты пәтерлік тұрғын үй құрылысын бастаған. Қызылқоға ауданындағы Мұздыбұлақ тұщы су көзін ашып, жергілікті халықты қамтуға, бірнеше елді мекеннің өсіп-өркендеуіне тұрақты көмектер жасаған. «Атыраугидрогеология» ЖШС-нің бұрынғы базасы, өндірістік алаңдарына жол төсетіп, әкімшілік ғимаратын тұрғызған.
Халық депутаттары Гурьев облыстық кеңесінің, Атырау облыстық Мәслихаты-Депутаттар жиналысының депутаты, тұрақты комиссия төрағасы болып сайланған. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтының Құрметті профессоры, бірнеше өнертабыстың авторы.
Е.Сабуров Атырау облысының жерасты су ресурстарын зерттеуге 20 жылдан астам өмірін арнаған тәжірибелі маман болатын. Аймақтағы су тапшылығы, жерасты суының азаюы, су тасқыны қаупі сияқты күрделі мәселелерге ғылыми негізделген шешімдер ұсынып, өңір экологиясының тұрақты дамуына елеулі үлес қосты.
Едіге Сабырұлы қоғам белсендісі ретінде Жайық, Ойыл, Жем өзендерінің тартылу қаупі, су ресурстарының сарқылуы секілді мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, мемлекеттік органдар мен қоғамды нақты іс-шаралар қабылдауға шақырып келген. Ол тек өз саласының маманы ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын шынайы жанашыр еді. Жергілікті және республикалық БАҚ арқылы экологиялық проблемаларға жиі үн қатып, өзекті мәселелерді көтеріп жүрді.
2022 жылы гидрогеология саласына қосқан айрықша еңбегі үшін Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Парасат» орденімен марапатталды.
Ғалымның кенеттен қайтыс болуы – отандық ғылым мен Атырау өңірі үшін орны толмас қаза. Марқұмның отбасына, ұрпақтары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
“Атырау” газетінің редакциясы