АТЫРАУ ӨНІМДЕРІ – АСТАНА ТӨРІНДЕ
Өңіріміздің қала мен жеті ауданнан ұйымдастырылып, түрлі ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген автокөліктер керуені Елордаға жетті.
Сенбі күні таңертеңнен бері Астананың «MEGA» сауда ойын-сауық орталығы алдындағы алаңда аталған облыстардың тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Апта сайынғы жәрмеңкеде тауар өндірушілер 850 тоннаға жуық өнім ұсынады. Елорда тұрғындары мен қонақтары ет, сүт өнімдерін, көкөніс, сондай-ақ балықты нарықтық бағадан 15-20 пайызға арзан сатып ала алды.
«Қалыптасқан дәстүр бойынша күзгі көкөністі, сүт, ет және балық өнімдерін Астана қаласының жәрмеңкесіне әкелдік. Бұл жолы біз 48 тонна балық, 10,5 тонна ет, 80 тонна көкөніс, 100 мың жұмыртқа және тағы басқа да көптеген тағам өнімдерін жеткіздік. Әсіресе, ерекше атап өтетінім, сүт және сүт өнімдерін мол алып келдік. Оның ішінде, Қазақстанда алғаш рет шыға бастаған ешкі сүті өнімдерін, оның ішінде ірімшік, қаймақ және бұрын жәрмеңкеге түспеген тағамдарды астаналықтарға ұсынудамыз. Сұраныс өте күшті, халық риза, ауа-райы да жақсы болып тұр. Айта кетейін, тамақтың бағасы едәуір төмен»,- деді мұнайлы аймақтың басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов журналистерге берген сұхбатында.
Жәрмеңкеде Атырау және Батыс Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Астана жұртшылығы мен қонақтары облысымыздан барған халық шығармашылығы орталығының әншілері мен бишілерінің және Исатай ауданындағы Новобогат саз мектебінің «Көңіл күйі» фольклорлық ансамблінің өнеріне тәнті болды.
Астаналықтар Жайық бойынан жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына, бағасының қолжетімділігіне ризалықтарын білдірді.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.