Атырау облысының әкімі Бас мүфтиді қабылдады

whatsapp image 2021 09 13 at 12.43.30 Жаңалықтар

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов аймаққа жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады» деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кездесу барысында елдегі діни ахуал, саланы сапалы кадрлармен қамтамасыз ету, ақпараттық бағыттағы насихат жұмыстары мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жат ағымдармен күрес өзекті мәселе екендігін атап өтті. «Теріс ағым жетегінде кеткендерді оңалту Атырау үшін күрделі мәселе болып қалып отыр. Осы ретте, профилактикалық бағыттағы жұмыстарды да күшейту қажет. Біз саланы сапалы, білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне әркез қолдау білдіреміз» деді Махамбет Досмұхамбетов.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдегі діни ахуалды жақсарту бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан оңалту бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

whatsapp image 2021 09 13 at 12.43.29 1

«Пандемияға байланысты, жат ағым жетегінде жүргендермен жеке кездесулер қатары сиреді. Дегенмен, интернет мүмкіндігін толыққанды пайдалана отырып, тақырыптық бейнероликтер түсіріліп, сұрақ-жауаптар, мақалалар дайындалып, кеңінен таратылуда. Біздің мақсатымыз дін мен дәстүрді, ұлттық құндылықтарымызды сабақтастыра отырып, қоғамның, елдің дамуына мейілінше үлес қосуға үндеу. Яғни, әр маман өз ісін жетік меңгеріп, сапалы қызмет ететін болса, даму, ілгерілеу дегеніміздің бастауы осы» деген Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен жеті негізгі бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

Кездесу соңында тараптар діни оңалту, діни ағарту бағытында ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Еске сала кетелік, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Атырау облысына жұмыс сапары аясында Құрманғазы, Махамбет аудандарына сапар, жастармен, бұқаралық ақпарат қызметкерлерімен, бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесу жоспарланған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз