Атырау облысының әкімі: «Бізге Telegram-ға жазыңыз. Мен өзім оны оқимын»
Atr.kz/ 27 наурыз, 2019 жыл. Нұрлан Ноғаев Атырау облысын цифрландыру туралы айтты.
Бүгінде Атырау облысында ACQ, E-КСК, геопортал, E-Garden және т.б. қосымшалар жұмыс жасайды. Олардың бірқатары туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндады.
Қазіргі уақытта Атырау облысында халықпен мемлекеттік органдардың кері байланыс құралдары жұмыс істейді. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындар арасында 2017 жылдың қыркүйегінде ашылған Атырау облысы әкімдігінің Telegram чат-каналы барлығына танымал. Бүгінгі таңда бұған 5 мыңнан астам адам тіркелген.
— Соңғы мониторинг және сараптама қорытындысы бойынша тұрғындардан 4000 сұраныс келіп түскен,- дейді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.- Біздің аудандық әкімдіктер облыстық әкімдікті үлгі ете отырып Telegram қосымшасынан чат-каналдар ашты. Мен бұл істі дұрыс деп есептеймін, мемлекеттік органдардың басшылары халықтың сұранысын үнемі қадағалауы және барлық өзекті мәселелер туралы дереу білуі керек. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы — тұрғындармен өзара іс-қимыл жасау барынша тиімді болуы керек.
Азаматтарды қабылдауының бірінде облыс әкіміне тұрғындардың бірі әлеуметтік мекеме басшыларының қабылдауында бола алмай жүргенін айтып шағымданғанда, Telegram қосымшасында тіркелуге кеңес берген.
— Сізді кім қабылдамайды? Бізге Telegram-ға жазыңыз. Мен өзім оны оқимын. Жазыңыз, сізді қабылдағысы келмеген адам сізге өзі шығатын болады. Каналда 4000 оқырман бар. Адамдар өз пікірлерін еркін білдіріп, сұрақтарын қоюда,- деп атап айтты Нұрлан Ноғаев.
Бұл жаңалық БАҚ бетінде жария болғаннан кейін Telegram қосымшасындағы «Атырау облысы әкімдігінің» чат-каналына бір тәулік ішінде мыңға жуық адам тіркелді. Сондай-ақ, 2018 жылы ««Атырау Цифрлық Қабылдау» (ACQ)» қосымшасы іске қосылды. Қазіргі таңда қосымшада 4 000 оқырман бар. Бүгінде тұрғындардан 1,5 мың сұраныс түскен.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың басшылары мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде, Атырау облысы әкімдігінің ресми парақшасында өз есептерін жұртшылыққа хабарлауға кірісті. Бұл тұрғындарға үйден шықпастан, онлайн түрде қызықты сұрақ қоюға және оған бірден жауап алуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, ақпанның басынан Facebook және Instagram әлеуметтік желілері арқылы аудандардың әкімдері, қалалық бөлімдер мен облыстық басқарма басшыларымен 30-ға жуық тікелей эфир өткізілді. Осы уақыт ішінде 200 мыңнан астам тұрғын тікелей эфир арқылы қосылып, оларға екі мыңға жуық сұрақтар қойылды.
Қалалық және аудандық әкімдіктермен, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасты жақсарту үшін жауапты органға ай сайын әкімдіктер мен әлеуметтік мекемелердің «Ашық есік күндерін» өткізу тапсырылды. Бұл нұсқаулықты Атырау облысының әкімі 2019 жылдың қаңтарында Жылыой ауданындағы көшпелі кездесу кезінде берді.
— Көп жағдайда азаматтарды қабылдау кезінде мектеп директорлары, балабақшалар мен медициналық мекемелердің қызметі туралы шағымданады. Оларда сұрақтар бар, бірақ, өкінішке орай, мекеме басшыларымен тікелей шеше алмайды. Бұлай болмауы керек, — деді Атырау облысының әкімі.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бүгін барлық мемлекеттік органдардың басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер баспасөз жиынына қатысады, телеарнаға түсіп, әлеуметтік желілерде өз есептерімен тікелей эфирге шығады. Сонымен қатар, халықпен тікелей жұмыс жасайтын – ата-аналармен, оқушылармен, спортшылармен, науқастармен, зейнеткерлермен, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын барлық ведомостволық ұйымдар өз алдына қызмет етеді.
— Мемлекет басшысының тұрғындармен кері байланыс механизмін құру жөніндегі тапсырмасы бар екенін білесіздер. Осыған байланысты мен облыстың әлеуметтік мекемелерінің барлық басшыларына бюджеттен қаржыландырылатынайына бір рет ашық есік күнін өткізуді тапсырамын,- дейді Н.Ноғаев.
Облыс басшысы Атырау облысының барлық әлеуметтік мекемелері үшін «Бірыңғай Ашық есік күні» тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Айына бір рет облыстың барлық елді мекендеріндегі барлық әлеуметтік мекемелер азаматтармен кездесулер өткізуі керек. Осы жұмысты жалғастыра отырып, барлығы қатыса алатын жалпы жиналыстарды өткізген жөн.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Ақордада өткен кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының әлеуметтік әділетті мемлекетке арнаған бағдарламасын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, ол халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы жүйелік мәселелерді тез арада шешудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді қарым-қатынас орнату қажет.
Президент сондай-ақ облыс әкімдерінің халықпен үнемі кездесіп, барлық елді мекендерді аралап шығу керек екендігін атап айтты.
— Әлеуметтік желілерде белсенді болу қажет: мессенжерда топ құру, жүргізілген саясатты қолжетімді түрде түсіндіру, жағдайды бақылауда ұстап, басқару керек. Халықпен қарым-қатынас барлық жерде орнатылмайды, 17 әкімдіктің 4-і байланыс орталығына, ал ұялы халықтық бақылау 7 аймақта орнатылған,- деді Тоқаев облыс әкімдері, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы әкімдерімен кездесуде.
Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі