Атырау – толағай жетістіктер мекені

7154755b c3bf 4569 a769 f796a1801905 Шаһар шырайы

Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Мінеки, еңсемізді тіктеп, егеменді ел атанған Қазақстанның тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп келе жатқанына 30 жыл. Ордалы отыз жылда еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқы Елбасымыздың жүргізіп отырған пайым парасаты мен көшбасшылық қасиеті және Мемлекет басшысының кемел келешекке деген сарабдал саясатының арқасында нық қадам басып отыр.

​Қарыштап дамып, өзінің бірегей жолын таңдаған еліміз әлемде мәртебелі мемлекет ретінде орнықты. Ал, «Nur Otan» партиясы Елбасының тікелей басшылығымен еліміздің жетекші саяси күшіне айналды. Партия Жарғысы мен бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттер мен жоспарлы жұмыстар Атырау қаласында да жүйелі ұйымдастырылып, «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау аясында ауқымды істер атқарылуда.

Өрлеу де, өркендеу де бар

​Тәуелсіздіктің арқасында еліміз көптеген жетістікке жетті. Мәселен, Атырау қаласы бойынша халық саны 1991 жылы 192,9 мың адам болса, 2021 жылдың 10 айы бойынша  371 мың адамға өсті. 

Өңірде тек демографиялық көрсеткіштер ғана емес, экономикалық әл ауқатымыз да едәуір көтерілді. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы өңірге тартылған инвестиция көлемі 590,7 млрд.теңгені құрады. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 14 есеге немесе 549,3 млрд.теңгеге артық. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2000 жылы 9,4 млрд.теңгені құраса, 2020 жылы 164,5 млрд. теңгеге дейін көбейді. Ал, 2021 жылдың 9 айында Атырау қаласы бойынша  өнеркәсіп өнімінің көлемі 521,6 млрд.теңгені құрап отыр. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің толағай табысы.

​Биыл қала маңындағы Водниково елді мекенінде 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «ТШО» компаниясының  демеушілігімен Ракуша ауылында дәл осындай балабақшаның құрылысы аяқталып, жылдың соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Ал, 2025 жылға дейін 33 балабақша құрылысын салу жоспарланған. Қазіргі таңда, соның ішінде бесбалабақшаның құрылысы басталды. Олар:  «Береке», «Нұрсая» мөлтек аудандарында, Ақжар ауылында және орталықтағы В.Белинский көшесіндегі №31 «Балдәурен» балабақшасы.

​Бүгінде қалада 41550 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 103,4%-ға асыра өсіп отыр. Ал, бұл салада нақты жұмыс істейтіндерінің саны 35970-ке жетіп, 104,1 пайызға артқан. 2021 жылдың 1 тамызындағы есеп бойынша 1057 жаңа жұмыс орны ашылып, берілген несие сомасы 24861 млн. теңгені құрайтын 200 жоба субсидияланды. Ішінара кепілдендіру жүйесімен 498 жобаға 3243 млн.теңге сомасында кепілдік берілді. Осылайша, өңірімізде «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы өрісті дамуға жол ашып, игі бастамаларға тың серпін беруде.

Бірінші кезекте – жайлы баспана

​Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің ұдайы назарында ұсталатын маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда, жыл басынан бері қалада   504298 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп, бұл көрсеткіш те былтырғыдан 1,5 есеге артып отыр. Оның ішінде, халықтың өз қаражаты есебінен салынған үйдің ауданы 352 563 шаршы метрге немесе 156,2%-ға тең. Ал, қалада пайдалануға берілген пәтерлердің саны – 4000-нан асты.

Апатты үйлер. Қала бойынша апатты жағдайдағы 87 (1382 пәтер) тұрғын үйлер және 2 (235 пәтер)жатақхана бар. Барлығы 89 үй.

2020 жылы көпқабатты 8 жатақхананың (Геолог №65,66, Дружба №1, Құнанбаев №30а, Гагарин №124, Төлебаев №44, Молдағалиев №30,33а)тұрғындары және көпқабатты 5 үйдің (Әуезов №22, Дружба №14, Бірлік АТП №1,2,3) тұрғындары көшірілді, барлығы 813 пәтер. ​Алдағы уақытта Владимирский көшесі №99 және Азаттық көшесіндегі №67а жатақханалар тұрғындары Береке ш/а  тұрғын үйлер құрылысы аяқталуына қарай көшіріледі.

​ «Nur Otan» партиясының басым бағыттарының бірі — жұмыссыздық мәселесін жүйелі түрде шешу. Қазіргі таңда өңірде жұмыссыздықты жою мақсатында көптеген нақты жұмыстар іске асырылуда. Нәтижесінде, 2021 жылы қала аумағында 8659 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 
6216 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Бастау бизнес» жобасымен 
190 адамды арнайы  курстан өткізу жоспарланды. Өткен 9 айда 223 адам курсқа жолдама алып, оларға түгелдей оқуды аяқтағаны жөнінде сертификат берілді. Шағын несиемен қамту  жоспарына сәйкес, бүгінгі күнге 49 адам несие алуға қол жеткізді. Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында 200 жас кәсіпкер мемлекеттік грантты иеленді.

Ауыл шаруашылығы алға басты

​Еліміздің экономикасында аса маңызды орын алатын салалардың   бірі — ауыл шаруашылығы. Осы орайда, өңірде биыл ауыл шаруашылығы бағытында біраз жобалар іске асты. Қала бойынша мал басы өсіп,
2852,1 тонна ет, 3949,8 тонна сиыр сүті, 225,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сәйкесінше, ет өндіру – 33,7, сиыр сүті – 7,4, жұмыртқа – 15,9%-ға артты. Егістіктің көлемі  2531, га-ны құрады. Оның ішінде, көкөніс – 1164,8, бақша – 394,8, картоп – 520,9, малазықтық  дақылдар – 450,5 гектарға ұлғайды. Есепті мерзімде барлығы 30850 тонна өнім алынды. Атап айтқанда, 2243 тонна картоп,19192 тонна көкөніс, бақша – 7926 тонна бақша және 1489 тонна мал азығы жиналды.

​Наурыз айының 20-нан бастап әр аптаның сенбі, жексенбі күндері «Аламан» және «Елнас» базарында жергілікті және аудан шаруа қожалықтарымен тауар өндірушілердің қатысуымен жәрмеңкелер ұйымдастырылып, 72 жәрмеңке өткізілді. Сондай-ақ, қала әкімдігімен базар және супермаркет басшыларымен сауда қызметін дамыту жөнінде екіжақты өзара ынтымақтастық меморандумына (22) қол қойылды.

Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігі молайды

​Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінуде. Осы орайда, өңірде 2021  жылдың  қыркүйек айында 411 жанұяның 2175 алушысына 129,9 млн.теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Аз қамтылған 283 отбасынан 
502 алушыға 10,3 млн.теңге тұрғын үй көмегі төленді. Мүгедек  балаларын үйде оқытатын 228 отбасына 7,6 млн. теңге  әлеуметтік көмек көрсетілді.

​«Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасы бойынша 2204 адамға 
1616 протездік-ортопедиялық, тифлотехникалық, сурдотехникалық, арнаулы жүріп-тұру құралдары берілді. Партияның сайлауалды бағдарламасы жол картасының жобасы шеңберінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде міндетті гигиеналық құралдармен 2073 мүгедектің сұраныстары қанағаттандырылды. Облыстық мүгедекті оңалту орталығына 349 адамға жолдама берілді.

​Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған партияның «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда. Бұл ретте, қозғалысында  қиындығы бар мүгедектерге арнаулы17 автокөлікпен 20557 тасымал  жасалынып, 453 адамға қызмет көрсетілді. Жедел жәрдем қызметін санитарлық автомобильдермен және реаномобильдермен қамтамасыз ету үшін 46 автомобиль сатып алынды. Мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктер бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілерін 60 нысан бейімдеу жоспарланса, 9 айда 56-ы нысан бейімделді. 

Сайып келгенде, Атыраудың бүгінгі кескін келбеті, өсіп-өркендеу қадамдары еліміздің мұнайлы астанасы мәртебесін иеленген қаламыздың шын мәнінде шырайлы шаһарға айналғанының айқын айғағы екенін аңғартқандай. Мұны еліміздегі көшбасшы партияның ұстанған бағытының дұрыстығын, бағдарламасының байыптылығын, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың белгіленген мақсат-міндеттерге сай екендігінің нақты көрінісі деп бағалағанымыз абзал.

Қайрат ОРАЗБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы 

Атырау қалалық филиалының  төрағасы,

Атырау қаласының әкімі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз