Атырау облысының әкімі Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады
Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ «Атырау» газеті арқылы атыраулықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Atr.kz тілшісі.
«Құрметті атыраулықтар! Облыс қонақтары! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Тамыры тереңде жатқан Наурыз мейрамы ұлттық күнтізбеміз бойынша жылдың басы саналады. Қытымыр қыстан аман шығып, көктемнің жылуына жеткен бабамыз осы кезде өткенге салауат айтып, болашаққа үмітпен қарап, ыдысын аққа толтырып, бір-біріне ақжарма тілектерін ақтарған.
Бүгінде біз осы дәстүрді өзгеше көзқараспен қайта жаңғыртып, рухани қазынамызға айналдырдық. Биыл ел Тәуелсіздігі және 22 нау- рызды «Наурыз мейрамы» деп жариялау туралы Президент Жарлығына қол қойылғанына 30 жыл толғанын айрықша атап өткен жөн. Сондықтан, Ұлыстың ұлы күні тәуелсіздігімізбен бірге қайта жанданып, халықтың асыға күтетін мейрамына айналды.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы көптеген халыққа ортақ көне мейрамды халықаралық күн деп жариялап, адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізді. Бұл мереке Қазақ елінде де сан ұлт өкілдерін бірлік-берекеге бастайтын жалпыхалықтық мерекеге айналып үлгерді. Атырау – зор әлеуетімен, келелі істерімен мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосып отырған өңір. Былтырғы қиындықтарға қарамастан қол жеткізген табыстарымыз да аз емес.
Облыста бүкіл ел экономикасы үшін маңызды ірі инвестициялық жобалар жалғасын тауып отыр. Бірқатар жаңа өндірістік нысандар ашылып, жұмыс орындары көбейді. Ондаған білім беру, денсаулық сақтау, мәдени, спорт нысандары салынып, жол төселіп, халықтың игілігіне берілді. Аудан орталықтары мен ауылдардың да кескін-келбеті көркейе түсті. Биыл да облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру шараларына басымдық береміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында, басқа да бағдарламалық құжаттарда көрсетілген міндеттерді іске асыру бойынша нақты жоба-жоспар бар.
Облыс экономикасына инвестициялар тартылып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығы салаларындағы ауқымды жұмыстар жалғасады.
Облыстың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары, тұрғын үйлер салу мен әлеуметтік нысандар құрылысы жанданады. Экологиялық ахуалды жақсарту бағытында маңызды жобалар іске асады. Елді мекендерді көгалдандырып, абаттандыруға күш саламыз. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау да басты назарда болады.
Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде қиындықтарға қарамастан халықты қолдап, азаматтардың дамуына бар мүмкіндіктерді жасауда. Бұл – мемлекеттің айнымас саясаты. Жергілікті билік органдары осы қағидатты берік ұстанып, өз қызметін соған сәйкес жүргізеді. Әз-Наурыз барша атыраулықтарға, әр отбасына береке, табыс, молшылық әкелсін. Әрдайым ел игілігіне арналған жақсы әрі жасампаз істеріміз көп болсын.
Жаңа жыл құтты, Ұлыс оң болсын, ағайын!» деді аймақ басшысы.