Атырау облысының әкімі мұнайшыларды құттықтады
Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Фейсбук желісіндегі парақшасында жазды.
Құрметті мұнай-газ кешені қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Қазақстанның экономикалық қуаты — тәуелсіздігінің мықты тірегі екені сөзсіз. Ал, ел экономикасының негізінің бірі — мұнай-газ кешені. Бұл – еліміздің бүгінгі әлеуетін қамтамасыз етіп, болашақ дамуына негіз болып отырған стратегиялық сала. Осындай маңызды салада Атырау өңірінің шешуші рөл атқарып отырғанын ерекше атап өтеміз.
Мұнай-газ өндірісі – Атырау үшін дәстүрлі бағыт. Бастауын Қарашүңгілден алатын өндіріс ғасырдан астам халық игілігі үшін қызмет етіп келеді. Кезінде Кеңес Одағында атағы жер жарған Ембінің өнегелі дәстүрін бүгінде әлемге әйгілі Теңіз бен Қашаған сияқты алып өндіріс орындары жаңаша жалғастырып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосуда.
Мұнай мен газ жай ғана жер қойнауынан өндірілетін шикізат емес. Бұл – мыңдаған жұмыс орны, озық технологиялар мен замануи өндірістік мәдениет, ел қазынасын тұрақты толықтырып отырған аса маңызды табыс көзі.
«Қара алтынымыз» әлемнің назарын аударып, инвесторларды тартып отыр.
Ауқымды инвестициялардың арқасында өңіріміздің экономикасы қарқынды дамып, жаңа өндірістік инфрақұрылым қалыптасты. Шикізатты терең өңдеп, түрлі өнімдерді шығарып отырмыз.
Мұнай мен газ өндірісі негізінде жоғары технологиялық мұнай-газ химия өнеркәсібі құрылуда. Яғни, елімізде өндірілетін «қара алтынның» негізгі көлемін беріп отырған Атырау бүгінде Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналып қана қоймай, оның жаңа индустриялық қуатын қалыптастыруға ықпал етуде деп айта аламыз. Ең бастысы, жер байлығы ел игілігіне жарап жатыр.
Экономиканың қарқынды дамуының арқасында әлеуметтік сала көтерілді. Облыстың инфрақұрылымы түбегейлі өзгерді. Халыққа аса қажетті жол құрылысы, сумен, электр қуатымен қамту жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде.
Өңіріміз толықтай дерлік газдандырылып, бұл көрсеткіш бойынша республикада көш басындамыз. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары көптеп салынуда.
Ірі отандық және шетелдік мұнай-газ компаниялары елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіруде ауқымды істер атқарып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға атсалысуда.
Бұның барлығы облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.
Құрметті мұнайшылар, газ өндірісінің қызметкерлері!
Әлемдік нарықтағы құбылыстарға қарамастан мұнай-газ саласының маңызы әлі де зор болып қалады, соның ішінде ел экономикасындағы рөлі алдағы жылдары да арта түспек. Алпауыт компаниялардың қатысуымен Атырау өңірінде іске асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобалар осыған дәлел.
«Қара алтын» мен «көгілдір отынның» өндірісін ұлғайтып, ұлт қазынасын молайтуға сүбелі үлес қосып жүрген Сіздерге айрықша ризашылығымды білдіремін.
Халқымыздың игілігі жолындағы ерен еңбектеріңізге толайым табыстар тілеймін.
Дендеріңіз сау болып, шаңырақтарыңыға шаттық ұялағай!» деп жазды әкім.