Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады

img 20201015 wa0031 1 Жаңалықтар

«Кездесу барысында тараптар өңірдегі діни ахуал, пандемия жағдайындағы діни орындардың қызметі, кадр мәселесі, теріс ағымдармен күрес тақырыбын талқылады» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.


Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пандемия жағдайында мүфтият, жалпы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер жұмыстарын жаңа формат жағдайында жалғастырғанын атап өтті.


«Уағыз-насихаттар онлайн форматта жүргізілді. Мешіт есіктері жабылғанымен, сауап есіктері жабылмады. Қайырымдылық бағытындағы шаралар күшейтіліп, мешіттерімізде цехтар ашылды. Маскалар тігіліп таратылды.

Сонымен бірге, мүфтият бірқатар маңызды құжаттар қабылдады. Пандемия жағдайында жаназа шығару, ас беру рәсімінің арнайы тәртібі бекітілді. Мешіттерімізде азан тоқтатылмады, Құран хатым жасалып, құрбандықтар шалынды. Халқымыздың бірлігінің арқасында бұл сынақтан да аман өттік»,- деп атап өтті Бас мүфти  Наурызбай қажы Тағанұлы.


Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ислам дінін дәріптеу, ел бірлігін нығайту жолында еңбек етіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына алғысын жеткізді.
«Баршамыздың жасап жатқан жұмысымыз ортақ. Мақсатымыз – еліміздің бірлігін нығайтып, әл-ауқатын арттырып, қазіргі кезде  амандығын сақтау»,- деген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов діни кадр даярлау мәселесінде жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау жалғасатынын айтты. 

img 20201015 wa0029 1


Еске сала кетелік, биыл Атырау облысы әкімінің қолдауымен бес шәкірт Алматы қаласында орналасқан Нұр-Мүбарак университетіне грантқа қабылданды.


Екі күндік жұмыс сапары аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылында жаңа мешіттің ашылу рәсіміне қатысады, Атырау қаласында салынған «Имамдар үйін» ашады деп күтілуде.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз