Атырау облысындағы электр энергиясымен жабдықтаудағы іркілістер жөнінде монополистер түсінік берді
Atr.kz/3 желтоқсан, 2019 жыл. Өңірлік коммуникациялар қызметінде электр энергиясымен жабдықтаудағы іркілістер мәселесі бойынша брифинг болды.
Журналистердің сауалына «Атырау ЖЭО» АҚ, «Атырау Жарық» АҚ, KEGOK басшылары, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жауап берді.
«Атырау ЖЭО» АҚ президентінің айтуынша, 1 желтоқсанда сағат 11.20-да кәсіпорында станция жұмысының технологиялық режимінің бұзылуы орын алған. Осыған байланысты, Атырау ЖЭО электр энергиясын өндіру қуаты азайды.
— Алынған шаралардың нәтижесінде 11.20-дан 18.30-ға дейін Атырау ЖЭО авариялық өндірісі қалпына келтірілді. Кәсіпорында құрылған арнайы комиссия тексеру жүргізіп, соның қорытындысымен акт беруі тиіс. Бұдан бөлек, бүгін Атырау облысына Мемлекеттік энергоқадағалау және бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасары келді, Мемлекеттік энергоқадағалау тарапынан тексеру жүргізеді, — деді «Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айвар Рахман.
Спикердің айтуынша, 2 және 3 қарашада қалыпты қуаттан ауытқулар болған жоқ. Қазіргі уақытта «Атырау ЖЭО» АҚ қуатын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. KEGOK АҚ «Батыс жүйеаралық электр желілері» филиалының директоры Константин Чернохаев мәлімдегендей, 2 қарашада Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 8.57 сағатта Маңғыстау облысындағы «МАЭК-Казатомпром» ЖШС #2 электр станциясында бу берудің тыйылуына байланысты #11 қазан-агрегаты тоқтап қалған.
— Осының салдарынан 55 мегаваттқа жүктеменің кемуі болды. Осы кезде Атырау облысына электр энергиясын жеткізу болып жатқандықтан, аварияға қарсы автомат іске қосылып, тұтынушылар электр энергиясынан ажыратылды. Қазіргі мезетте «МАЭК-Казатомпром» ЖШС қызметкерлері 3-ші жылу электр орталығында #1 энергоблогын іске қосу жұмыстарын жүргізуде. Біздің есебімізше, түстен соң өңірді электрмен қамтамасыз ету қалпына келеді, — деді Константин Чернохаев.
Монополистердің айтуынша, 1 және 2 желтоқсанда болған электр энергиясын ажыратулардың бір–біріне қатысы жоқ.
— Қаланың түрлі аудандарында электр қуаты 1 сағаттан артық ажыратылған жоқ. Қазір ауа райы суық болғандықтан, тұрғындарды ұзақ уақыт жылусыз, жарықсыз қалдыруға жол берген жоқпыз, — деп мәлімдеді «Атырау Жарық» АҚ қалалық тарату желілерінің бастығы Ғабиден Қанатов.
Айта кетейік, Атырау облысы әкімдігінің жанынан да жұмысшы комиссия құрылып, облыс әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев төрағасы болып тағайындалды. Өңір басшысы электр энергиясымен жабдықтаудағы іркілістерді жою жұмыстарын жеке қадағалап отыр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта авариялық жағдайларды болдырмаудың бірқатар шаралары алынуда.- Тұтастай алғанда, Атырау облысының қарбалас сәттегі электр энергиясына деген сұранысы — сағатына 370 мегаватт.
Қазіргі кезде «Атырау ЖЭО» АҚ 260 мегаватт электр энергиясын өндіреді, қалғанын монополистер МАЭК-тан сатып алып отыр. Жетіспейтін қуаттардың орнын толтыру үшін біз таяу болашақта Исатай ауданындағы жел электр станциясын, 260 мегаватт электр энергиясын өндіретін «Карабатан Солюшнс» кәсіпорнының қуаттарын іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, Атырау ЖЭО қуаты 80 мегаватт екі турбинаның құрылысы жүргізілуде. Бұның барлығын ағымдағы жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланған болатын. Электр энергиясының осы көздері іске қосылғасын өңірдегі іркілістер проблемасы шешіледі, — деді Атырау облысының энергетика және ТҚШ басқармасының бастығы Мұрат Иғалиев.