Атырау облысында өңірлік тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды
Өңірде қаңтар-қыркүйек айларында 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 390 мың шаршы метр жеке тұрғын үй, 168 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов хабарлады.
Аймақ басшысы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарламалар қарастырылғанын атап өтті.
«Жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарлама қабылданды. Оның аясында 100-ге жуық жас баспаналы болды. Бұдан бөлек «Бақытты отбасы – Атырау» өңірлік бағдарламасы шеңберінде 38 отбасы тұрғын үймен қамтылып, 26 отбасының өтінімдері мақұлданды, 300 астам өтініш қаралу үстінде. Бұл бағдарламаның ерекешелігі — қатысушыларға бастапқы жарнасыз, қолданыстағы үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі», — деді әкім.
Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға 242 пәтер берілді, 292 пәтер сатып алынып, жыл соңына дейін тапсырылады. Апатты үйлердің мәселесін шешу үшін арнайы Жол картасы жасалды.