Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Атырау облысында 220 шақырымнан астам автокөлік және 115 жаяу жүргінші жолының құрылысы жүріп жатыр

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан Атырау–Астрахан жолының құрылысы 2022 жылы толықтай аяқталады.

Халықаралық дәліз қайтадан пайдалануға берілгенде көрші елдермен барыс-келіс көбейіп, сауда-саттықтың көлемі ұлғаяды. Облыс экономикасына да тың серпін береді. Бастысы, жол құрылысының тезірек бітуін күтіп жүрген жергілікті тұрғындардың қатынауына жайлы болмақ.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан екі бағыттың бірі – «Атырау–Астрахан» жолы. Сонымен қатар, Атырау–Ақтөбе трассасы бойында да қызу жұмыс жүруде. Бүгінде оған 1200-ден астам адам жұмылдырылған.

– Аталған жолдарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар жоспарға сай жүзеге асып жатыр, — деді Әсет Оразғалиев. Биыл облыстағы 37 елді мекенде 220 шақырымнан астам автокөлік және 115 жаяу жүргінші жолының құрылысы жүруде.

Атап айтқанда, Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз автомобиль жолының Индер–Қарабау аралығын қайта жаңғырту, Құрманғазы–Приморье–Утера–Котяевка аралығын күрделі жөндеу жұмыстары да қарқынды жүзеге асып жатыр.

Әсет Самарханұлының пікірінше, ұзындығы 27 шақырымды құрайтын Атырау қаласының солтүстік айналмалы автомобиль жолы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Ол өңірдің транзиттік мүмкіндігін арттырып, елді мекендердегі көлік ағынын реттейді.

«Ақтөбе – Атырау» және «Атырау – Астрахан» жолдарын өзара жалғайды. Аталған жоба Атырау қаласының солтүстік айналма жолы шаһардың бас жоспарында белгіленген. «Жұмыспен қамтудың жол карт асы» бағдарламасы аясында облыста 16 бағытта жұмыстар жүргізіліп, 230 шақырымнан астам ауылішілік жолдардың құрылысы салынып жатқаны да белгілі болды.

– «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында Құрманғазы , Исатай, Мақат аудандарында ауылішілік жолдар күрделі жөндеуден өтіп отыр. Биыл облыстық, аудандандық дәрежедегі жолдардың қанағаттанарлық жағдайын 57 пайыздан 61 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Ә.Оразғалиев.

Басқарма басшысы Атырау қаласындағы 1965 жылы салынған орталық көпірге байланысты да пікірін білдірді. Қазір зерделеу техникалық жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік сараптама қорытындысынан кейін мұнда қайта құрылымдау жұмысы қолға алынады. Сондай-ақ, Талқайраң мен Алмалы ауылы аралығынан Жайық өзенінен өтетін көпір салу да жоспарланып отыр.

Атырау облысындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3047 шақырымды, оның ішінде республикалық маңызға ие жол 1120 шақырымды құрайды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button