Атырау облысында 1500 адам жұмыспен қамтылады

20180915102801 Жаңалықтар

Мұнайлы Мақат ауданында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға арналған кешенді бағдарлама өз жемісін бере бастады. Бүгінде 20-ға тарта адам еңбекке араласты. Оған ықпал еткен «Қашаған» кен орнынан шыққан газды өңдейтін кешен құрылысының басталуы болды.

Жылдық қуаты 100 млн. текше метр газ өңдейтін алып кешен құрылысына 750-1500-дей жұмысшы керек. Өндіріс орны Мақат ауданында орналасқандықтан жұмысқа қабылдаушы компаниялар жергілікті тұрғындарға басымдық береді. Қазірдің өзінде бетон құюшы, ағаш шебері, арматуршы мамандар біртіндеп орналасып жатыр.

Жалпы, Мақат ауданы бойынша 521 адам жұмыссыз болып тіркелген. Олардың басым көпшілігі «Теңіз» жобасынан босаған кəсіби мамандар. Қосымша таяуда мектеп бітірген, болмаса, дипломы бар, бірақ жұмыс таба аламай жүрген жастар да осы жобаға тартылады. Жұмыс берушілер «Халықты жұмыспен қамту» туралы заңына сəйкес өздеріне қажетті мамандыққа адам іздегенде алдымен жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша мəлімет жібереді. Немесе, «электронды еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы бос жұмыс орындарын 5 күннің ішінде хабарлауы тиіс.

Бұл жұмыс іздеушілердің кезек күтпей, уақыттарын жоғалтпай жұмысқа орналасуына ыңғайлы. Сондай-ақ, мамандығы жоқ жастар үшін қайта даярлау курстары ашылатын болады. Еліміз бойынша қолға алынып отырған «Кəсіптік оқытуды ұйымдастыру жəне қаржыландыру қағидалары» негізінде жұмыс беруші мекеме жұмыспен қамту орталығына қажетті мамандар тізбесін жинақтап өтінім береді. Осылайша, тізімге енген азаматтар тегін оқып, мамандық игереді.

Даярлау курсына түсушілер тегін тамақ, жатақханамен қамтылады. Сондай-ақ, жол шығыны, медициналық тексеру секілді шығындарды орталық өтейді. Курсты тəмамдағандар 10 күн ішінде жұмысқа орналасады. Жұмыстың ең қысқа мерзімі 1 жыл шамасында. Осы уақыт ішінде жас маман өзін көрсетіп, əрі қарай кəсібін жалғастырып кетуі тиіс. Айтқандай, кешен құрылысы 2021-25 жылдарға арналған. Құрылыс аяқталған соң, сұрыпталған 450 маман тұрақты жұмысқа орналасады.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз