Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жаңа басшы тағайындалды
Атырау облысы әкімінің өкімімен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы тағайындалды. Бұл лауазымды осы кезге дейін Исатай ауданының әкімі болған Полымбет Хасанов атқарады, деп хабарлайды atr.kz
Облыс әкімі Серік Шәпкенов жаңа басшыны әкімдік отырысында таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Полымбет Хасанов 1980 жылы Индер ауданында дүниеге келген. Қазіргі заманғы гуманитарлық университетін заңгер мамандығын бітірген. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен экономика және басқарудағы бизнес-аналитика магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2002 жылы облыстық ішкі істер департаментінің жүйесінде бастап, 2005 жылға жұмыс істеген. 2005-2006 жылдары облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінде бас маман, 2006-2010 жылдары облыс әкімі аппаратында бас маман, бас инспекторы болған.
2010-2014 жылдар аралығында Мақат ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. 2014 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, 2014-2019 жылдар аралығында Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы, кейіннен Атырау қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдар аралығында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.